Шомылу маусымы: Ақтөбеде тегін жағажайлар жұмыс істейді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде екі аптадан соң шомылу маусымы басталады. Биыл өңірде 37 коммуналдық жағажай болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Демалушылар рұқсат берілмеген орындарға шомылуды әдетке айналдырған. Сондықтан биыл Ақтөбе су қоймасындағы құтқару станциясы жанында және Елек өзенінде коммуналдық жағажай ашуды жөн көрдік. Жағажай судан құтқарушылардың бақылауында болады. Суға кету, қаза болу жағдайлары аз болады деген үміт бар. Әрі балаларды суда жүзуге тегін үйретуге, білім, спорт, туризм және басқа да спорттық ұйымдармен бірлесіп су спортын дамытуға мүмкіндік береді. Жағажайлар тегін жұмыс істейді»,- деді облыстық ТЖД жедел құтқару жасағы, кезекші-диспетчерлік қызметінің басшысы Оксана Кичигина.
Айта кетейік, суға шомылу маусымы 1 маусымда басталады. Жағажайлар арнайы тексеруден соң жұмысқа кіріседі. Биыл барлығы 47 жағажай жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Олардың 13-і коммерциялық және 34-і коммуналдық болады. Ақтөбеде 3 судан құтқару станциясы жұмыс істейді. Станциялар барлық техникамен, құрал-жабдықтармен толық жабдықталды.