Шорт-трек шеберлері жаңа жетістіктерге жете ала ма
ОРАЛ. KAZINFORM – Шорт-трек – олимпиадалық спорт түрі. Сонымен қатар медаль көп сарапқа салынатын спорт түрі болғандықтан, шорттрекшілердің жүлдеге іліну мүмкіндігі де жоғары болып келеді. Яғни бір қашықтықта қапы кетсе, екіншісінде есе қайтара алады. 2026 жылы қысқы Олимпиада ойындары Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Қазақстандық шорттрекшілер олимп биігіне көтеріле алады ма? Жаңа маусымдағы мақсат-міндеттер қандай? Міне, осы орайда Kazinform тілшісі маман және спортшылармен тілдесіп, шорт-тректің жай-күйін саралап көрді.
Кімдерден үміт күтеміз?
Биыл шорт-тректен әлем кубогының жаңа маусымы Халықаралық конькимен жүгірушілер одағының (ISU) шешімі бойынша World Tour деген атаумен жаңа сипатқа ие болды.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне қарағанда, жарысқа қатысушы мемлекеттер енді ел атымен емес, командалық атаумен өнер көрсетеді. Сондай-ақ әр команданың өз тотемі болады. Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары әлем кубогы кезеңдерінде Kazakh Nomads деген атаумен сынға түседі.
Сонымен қатар Халықаралық конькимен жүгірушілер одағы (ISU) әлем кубогы форматына да бірқатар өзгеріс енгізген. Мәселен, әлемдік рейтингте үздіктер қатарында тұрған спортшылар әлем кубогының бастапқы кезеңдеріне қатыспайды. Жаңа ереже бойынша енді әлемдік жарыстарда 17 жастан асқан спортшылар ғана өнер көрсете алады.
Әлем кубогының алғашқы кезеңі 25-27 қазанда Канаданың Монреаль қаласында өтіп, онда қазақстандық шорттрекшілер айдынға шықты.
Қазақстан құрамасының капитаны, өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Никиша өзінің оң жамбасына келетін 500 метр қашықтықта Б финалына жолдама алғанымен, төрешілердің шешімімен пенальтиге түсіп қалды.
Қазақстан ерлер құрамасы 5 мың метрлік эстафетада сынға түсіп, 6-орыннан көрінді. Қазақстандықтар Б финалында АҚШ, Жапония командаларын артқа тастады.
БҚО шорт-трегінің түлектері Алина Әжіғалиева мен Әділ Ғалиахметов 1 500 метр қашықтықта жартылай финалға өтіп, үздік жиырма спортшының қатарына енді.
Орал қаласында шорт-тректің қарқынды дамуы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, кезінде ұлттық құраманың бас бапкері болған Мәдіғали Қарсыбековтің есімімен байланысты. Оралда 2001 жылы жабық мұз айдыны сарайы ашылғаннан кейін осында аяқ басқан тәжірибелі бапкер балалардың арасынан спортқа бейімі барларын іріктеп алып, тәрбиеледі. Кейін солардың арасынан Олимпиада сияқты дүниежүзілік додаға қатысқан шорттрекшілер өсіп шықты. Әсіресе, Сочи Олимпиадасында Қазақстан ерлер құрамасы 5 мың метрлік эстафетада жүлдеге қол созым қалып, бесінші орынға табан тіреді.
Батысқазақстандық Абзал Әжіғалиев 2016 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өткен әлем кубогы кезеңінде айды аспанға шығарып, чемпион атанды. Кейін Астана қаласына ауысқан Абзал биыл үлкен спортқа қайта оралды. Оның тәжірибесі мол екенін ескерсек, алдағы додалардан үміт күтуге болады.
Шорт-тректен БҚО құрамасының аға бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Максим Лозовойдың мәлім еткеніндей, тағы бір талантты спортшы, әлем кубогы кезеңінде жүлде алып, Бейжің олимпиадасына қатысып үлгерген Әділ Ғалиахметов те қазіргі кезде Астана атынан сынға түсіп жүр.
М.Лозовой алдағы олимпиадаға батысқазақстандықтардан Алина Әжіғалиева, Нұртілек Қажығали және Әлішер Әбілқатимовтың үміткер екендігін жеткізді.
Алинаның өткен жылы қазақстандықтар арасынан алғаш рет жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанғаны белгілі. Сондай-ақ ол қысқы универсиадада екінші орынға ие болса, төрт құрлық чемпионатында үздік үштікке ілікті. Жаңа маусымда Алина әлем кубогы кезеңдерінен басқа ақпан айында Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындарында ел намысын қорғайды. Оған қоса жастар арасында Канаданың Калгари қаласында өтетін әлем чемпионатында жарыс жолына шығады.
Әлішер қысқы универсиадада бақ сынайтын болса, Нұртілек әлем кубогының бесінші кезеңіне қатысады.
Спортшылар не дейді?
Алина Әжіғалиева Олимпиада қарсаңындағы кезең болып есептелетін келесі жылғы кезеңге дейін біраз уақыт бар екенін айтты.
«Олимпиадағы қатысу – әр спортшының арманы. Оған жолдама алу үшін, әрине, бар күшімді саламын. Жаттығулар жақсы өтуде. Біздің тынбай шынығып, шеберлігімізді арттыруымыз үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі кезде басты мақсат – қысқы Азия ойындарына тыңғылықты дайындалу», дейді Алина.
Ұлттық құрама мүшесі Әділ Ғалиахметов Оралдан Астанаға ауысқанына бір жыл болғанын жеткізді.
«Әлем кубогы World Tour болып өзгеріп, тың сипат алды. Енді әлем чемпионатындағыдай, үш қашықтықта сынға түсеміз. Канадаға Түркия арқылы 12 сағат ұшқандықтан, бастапқыда ауа райына бейімделу оңай болған жоқ. Енді аяғымыз жеңілдеп, алдағы жарыстарда сәттілеу өнер көрсетеміз деп ойлаймын. Олимпиада туралы айтсам, оған жолдама алу онша қиындыққа түспейді. Ал жүлдеге таласу өте қиын. Өйткені онда шеберлік өз алдына, спортшының дене және моральдық дайындығы да жоғары деңгейде болуы керек», деді Әділ.
Қазіргі таңда ұлттық құраманы қазақстандық маман Петр Гамидов жаттықтырса, оның көмекшісі – Әсел Қамешева.
Оралдағы мұздың сапасы төмен
Бапкер Максим Лозовой Оралдағы жабық мұз айдыны сарайындағы мұздың сапасы ойдағыдай еместігін жасырмады.
«Мұз лас. Оны тазартатын арнайы техника жоқ. Біз машинаны «Жастар» стадионынан аламыз. Онда ашық айдын болғандықтан, мұзды даярлау жұмысы өзгеше, техникасы да соған бейімделген. Екіншіден, мата жетіспейді. Маталардың алынғанына жиырма жылдан асқан. Бір сөзбен айтқанда, Оралда шеберлігі жоғары спортшы дайындау мүмкіндігі жоқ. Егер шорттрекші хоккей бортына соғылса, мата қатты болғандықтан, жарақат алады. Күні бүгін мұз айдыны сарайында 150-дей спортшы шорт-трекпен айналысады, жаттығу уақыты да қалыпты. Тек нысанның материалдық-техникалық базасы жақсарса екен», дейді М.Лозовой.
Жаттықтырушының пікірін Әділ Ғалиахметов қоштады.
«Орал мен Астанадағы жағдай екі түрлі. Елордада көбірек көңіл бөлінеді, әрдайым қолдау көрсетіледі. Мұнда хоккей борты жоқ, мұз айдыны шорт-трекке бейімделген. Ал Оралда мұндай мүмкіншілік жоқ. Хоккей бортына мата қойылады, оған соғылған спортшылар көптеген жарақат алады. Соған байланысты спорттық жолын ерте аяқтап жатқандар бар. Мен 2016 жылдан бері ұлттық құрама мүшесі болғандықтан, үнемі жаттығу жиындарында жүремін. Оралға тек демалып кетуге келемін», деді Ә.Ғалиахметов.
Міне, шорттрекшілердің жаңа маусымға кірісуіне орай бірқатар пікірді ортаға салдық. Анығы – Қазақстан қалаларында осы спорт түріне барынша көңіл бөлініп, жағдай жасалса, ел намысын абыроймен қорғайтын жастар өсіп шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда олимпиадалық спорт түрлеріне қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын жазған болатынбыз.