Шри-Ланкада су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 334-ке жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Жергілікті уақыт бойынша жексенбі күні сағат 18:00-ге дейін Шри-Ланкада қолайсыз ауа райы салдарынан қаза тапқандар саны 334 адамға жеткені хабарланды. Бұл туралы Ланкадағы Төтенше жағдайлармен күрес орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа.
Орталық мәліметінше, кем дегенде 370 адам хабар-ошарсыз кетті деп есептеліп отыр. Нөсер жаңбыр, су тасқыны және сел жалпы саны 1 118 929 адамға, 309 607 отбасыға зардабын тигізіп отыр.
Төтенше жағдайға байланысты Шри-Ланка Білім министрлігі өз қарамағындағы барлық университеттер, жоғары оқу орындары және кәсіби білім беру орталықтарының оқу үдерісін 8 желтоқсанға дейін тоқтататынын жариялады.
Бұл шешім кең көлемді көлік тоқтаулары, зақымданған инфрақұрылым және қолайсыз ауа райының тудыратын қауіптері салдарынан қабылданғаны атап өтілді.
Еске сала кетсек, 26 қарашада Шри-Ланкадағы көшкін мен су тасқыны 47 адамның өмірін қиғанын жазғанбыз.
Көп ұзамай аталған елде табиғи апаттарға байланысты төтенше жағдай енгізілді.
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шри-Ланка президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.