Щучьеде 1 ғасырлық ағаш үйлер бұзылып, орнына жаңа тұрғын үй салынады
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Щучье қаласында 1 ғасыр бұрын ағаштан жасаған үйлер бұзылып, орнына 5 қабатты жаңа тұрғын үйлер салынады.

2023 жылдың қыркүйегінде Бурабай ауданының әкімдігіне Циолковский көшесі 13 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің тұрғындары жүгініп, өздері тұрып жатқан 1924 жылы салынған үйдің апатты жағдайда екенін айтқан.

Тұрғындардың өтініштерін қараған әкімдік ескі тұрғын үйдің орнына жаңа көппәтерлі тұрғын үй салуды қамтитын тұрғын үйді жаңарту бағдарламасын қолдану туралы шешім қабылдаған.

Жобаны «TASU company» компаниясы жүзеге асыратын болады.
«Тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізіп, олардың бағдарламаға қатысу шарттары мен тараптардың азаматтық-құқықтық қатынастары талқыланды. Барлық қажетті құқықтық рәсімдер жүргізілгеннен кейін биылғы жылдың наурыз айында жаңа 5 қабатты тұрғын үй кешенін салу үшін тозығы жеткен ғимаратты бұзу басталды. Тұрғын үйді пайдалануға берудің жоспарланған мерзімі осы жылдың 4-тоқсанына белгіленіп отыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін тұрғындар жаңа пәтерлерге көшіріледі, бұл олардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Бурабай ауданы әкімдігінен.

Айтуынша, бұдан бөлек Циолковский көшесі 14 мекен-жайы бойынша орналасқан үй тұрғындарынан да өтініш түскен. Бұл үйдің орнына да жаңарту бағдарламасын жалғастыру аясында жаңа көппәтерлі үй салынатын болады. Оны 2025 жылы жүзеге асыру жоспарланған.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда су тасқынынан мүлкіне зиян келген 65 адамнан өтініш түскенін жазған едік.