17:32, 12 Қараша 2013 | GMT +5
ШҰҒЫЛ: Қызылордада белгісіз біреулер жанар-жағармай құю стансасына шабуыл жасап, бір адамды өлтіріп кетті
ҚЫЗЫЛОРДА.12 қараша. ҚазАқпарат - Қызылордада бүгін 4 сағат 40 минут шамасында белгісіз біреулер жанар-жағармай құю стансасына шабуыл жасап, кассадан ақша алып кеткен. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен хабарлады.

«Бүгін, 12 қараша күні 4 сағат 40 минут шамасында Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы жедел басқару орталығына қала тұрғыны белгісіз біреулердің «Ақмешіт» шағын ауданында орналасқан «Гелиос» жанар-жағармай құю бекетін тонап, ақшасын алып кеткенін телефон арқылы хабарлаған», - делінген хабарламада. Тексеру барысында 4 сағат 32 минут шамасында аталған жанар-жағармай құю бекетінде екі кассир, бір жанармай құюшы және «Найза-Күзет» агенттігінің күзетшісі жұмыс орындарында болғаны анықталды. Қызмет атқару барысында кассир ауысымға түскен ақшаны санау кезінде май құю бекетіне қара жеңі жоқ баллон күрте мен бастарына капюшондарын киген, беттерін тұмшалап алған белгісіз екі азамат кіріп келіп, қолындағы болған қос ұңғылы шолақ мылтықпен қорқытып, бекеттің кассасынан шамамен 700-800 мың теңгедей ақшаны тартып алып, оқиға болған жерден кетпекші болған. Осы кезде қарақшылардың біреуі бөлмеге кіріп келген екінші кассирді кеуде тұсынан қос ұңғылы шолақ атыс қаруымен атып жарақаттап, оқиға болған жерден бой тасалап қашып кеткен. Екінші касссир алған дене жарақаттары салдарынан оқиға болған жерде қайтыс болған. Оған сот-дәрігерлік сараптамасы тағайындалды. Аталған оқиға бойынша шұғыл жедел-топтары құрылып, жедел іздестіру жұмыстары жүргізілуде.