Швед тілінің сөздігі 2800 жаңа сөзбен толықты

АСТАНА. KAZINFORM — 11 жылдық үзілістен кейін Швед академиясы швед тілінің Орфографиялық сөздігінің (SAOL) 15-басылымын жарыққа шығарды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Швед тілінің сөздігі 2800 жаңа сөзбен толықты
Фото: Азертадж

Жаңартылған нұсқадан шамамен 1500 сөз алынып тасталып, оның орнына тілдегі қазіргі өзгерістерді көрсететін 2800 жаңа сөз енгізілген. Бұл өзгерістер, ең алдымен, цифрлық мәдениет, әлеуметтік желілер және қоғамдық үдерістердің ықпалымен байланысты. Жаңа сөздердің қатарында интернетке, технологияға, экологияға, жеке болмысқа және өмір салтының өзгеруіне қатысты терминдер бар. Мысалы: webbinarium (вебинар), avfölja (жазылудан бас тарту), cykelpendla (жұмысқа велосипедпен қатынау), QR-код.

Сөздіктің бас редакторы Луиза Хольмердің айтуынша, SAOL-ға жай ғана қазіргі неологизмдер емес, қоғамда кеңінен қолданысқа енген, елдің түрлі аймақтарында тұрақты пайдаланылатын сөздер ғана енгізіледі. Редакция тар аяда қолданылатын терминдерден, диалектілер мен сленгтен әдейі бас тартып, қазіргі әдеби тілді көрсетуге ұмтылады.

Сонымен қатар сөздіктен ескірген немесе әлеуметтік тұрғыда сезімтал саналатын, бүгінгі күні даулы қабылдануы мүмкін кейбір атаулар алынып тасталған.

Саяси салада да белгілі бір кезеңге ғана тән, билік ауысуына байланысты маңызын жоғалтатын сөздер кездеседі. Мұндай сөздер бір уақытта орынды болғанымен, 5 жылдан кейін орынсыз деп саналуы мүмкін.

Алдағы уақытта Швед академиясы сөздікті цифрлық форматта жиі жаңартып отыруды жоспарлап отыр. Луиза Хольмердің айтуынша, тілмен жұмыс — үздіксіз жүретін процесс.

Бұдан бұрын Швеция азаматтық сыртқы барлау қызметін құруды жоспарлап отырғаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар