Швеция жұмыс істейтіндер мен отбасыларға ірі салықтық жеңілдіктер енгізбек

АСТАНА. KAZINFORM — Швеция зейнеткерлер мен отбасыларды қолдауға бағытталған соңғы жылдардағы ең ірі әлеуметтік пакетті таныстырды, деп жазды Азартадж.

Швеция жұмыс істейтіндер мен отбасыларға ірі салықтық жеңілдіктер енгізбек
Фото: Pixabay.com

Швеция үкіметі жұмыс істейтін азаматтар, зейнеткерлер және балалы отбасыларды қолдауға бағытталған ірі бюджет өзгерістерін жариялады.

АЗЕРТАДЖ агенттігінің хабарлауынша, жалпы қолдау пакеті 30 миллиард швед кронынан (шамамен 2,75 миллиард АҚШ доллары) асады.

Пакеттің негізгі бөлігі — жұмыс істейтін азаматтарға арналған жаңа салықтық жеңілдік, ол 21,4 миллиард кронаға (шамамен 1,97 миллиард доллар) бағаланып отыр. Үкіметтің есептеуінше, мысалы, полицей мен медбике жұмыс істейтін, екі баласы бар отбасы қосымша 1 800 кронаға (шамамен 165 доллар) дейін ай сайынғы табыс ала алады. Бұл сома азық-түлікке қосылған құн салығының төмендеуімен де байланысты.

Бұдан бөлек, бақша (балабақша) мен күндізгі ұзартылған топтарға төлемді азайту үшін биыл 1 миллиард крона (шамамен 92 миллион доллар) және 2027 жылы 1,5 миллиард крона (шамамен 138 миллион доллар) бөлінбек. Бұл арқылы қарапайым отбасы жылына шамамен 4 500 крона (415 доллар) үнемдей алады.

Социал-демократтар бұл жеңілдіктерді құптаса да, үкіметтің балалар жәрдемақысын арттырудан бас тартуын қатты сынға алды.

— Бұл үкімет өзінің бұрынғы саясатының салдарын жоюға тырысып жатқандай әсер қалдырады. Оның үстіне, бұл қадам сайлауға бір жыл қалғанда жасалып отыр. Көптеген отбасылар соңғы үш жыл бойы қиындық көріп келеді. Бұл үкіметтің ақша бөлудегі басымдықтарын бәрі біледі. Қазір Швеция — өмір сүру құнының дағдарысы кезінде балалар жәрдемақысын көбейтпеген Солтүстік Еуропадағы жалғыз ел болып отыр, — деді социал-демократтар партиясының экономикалық өкілі Микаэль Дамберг.

Сонымен қатар, үкімет зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге салынатын салықты төмендету туралы шешім қабылдады. Алайда SPF зейнеткерлер одағы бұл қадамды жеткіліксіз деп бағалады. Ұйым айына небәрі 150 крона (14 доллар) көлеміндегі пайда 25 000 крона көлеміндегі зейнетақы алатындар үшін тым аз екенін мәлімдеді.

— Елдегі зейнеткерлердің 70 пайызы 25 000 кроннан аз зейнетақы алады. Салықтың төмендеуі құптарлық, бірақ төмен зейнетақы алатындар үшін бұл тек «тамшыдай көмек» ғана, — делінген SPF төрайымы Мария Ларссонның баспасөз мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, электр энергиясына салынатын салықты әр киловатт-сағат үшін 10 эре (шамамен 0,0092 доллар) мөлшерінде азайту жоспарлануда. Егер айлық орташа баға 1,5 кронадан (0,14 доллар) асса, өтеу (компенсация) механизмі енгізіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Швеция биыл күзде ең ауқымды реформалар пакетін ұсынатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар