Швецияда зорлық-зомбылыққа қарсы министрлік кеңесі құрылады
АСТАНА. KAZINFORM — Швеция үкіметі әйелдерге қатысты ерлер тарапынан жасалатын зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды күшейту және нөлдік төзімділік саясатын қалыптастыру мақсатында арнайы министрлік кеңес құратынын мәлімдеді. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ жазды.
Бұл бастама Рождество мерекесі кезінде елде болған бірқатар резонансты қылмыстан кейін премьер-министр Ульф Кристерссон тарапынан жария етілді.
Ульф Кристерссонның айтуынша, үкімет осыған дейін бірқатар шара қабылдаған. Атап айтқанда, әлеуметтік қызмет пен полиция арасындағы құпиялылық кедергілері жойылды, қайталанған ауыр зорлау қылмыстары үшін жаза күшейтілді, сондай-ақ алдын алу мақсатында қамауда ұстау тетігі енгізілді.
Премьер-министр бұл зорлық түрімен күрес ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреспен бірдей табандылықпен жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
Жаңа кеңес ұйымдасқан қылмысқа қарсы әрекет ететін қолданыстағы құрылым үлгісінде құрылады және оған У. Кристерссон жетекшілік етеді.
Кеңес құрамына әділет министрі, гендерлік теңдік жөніндегі министр, әлеуметтік қызмет ведомствосының басшысы және психиатриялық көмекті қадағалайтын әлеуметтік саясат министрі кіреді.
Үкімет басшысы мұндай трагедиялардың алдын алу үшін сот жүйесі, әлеуметтік қызмет пен денсаулық сақтау саласы арасында тығыз үйлестіру қажет екенін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, Рождество күні Боден қаласында 55 жастағы әйел өз үйінде қаза тапқан. Ал 26 желтоқсанға қараған түні Рённингеде 25 жастағы әйел жоғалып, кейін оның мәйіті табылған.
Бұдан бұрын Швеция депортацияланбайтын қылмыскерлерге арналған талаптарды қатаңдататынын хабарлады.