Шығанақ Берсиевтің көшесі атына сай емес - Шығанақтың жиені
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевке арналған көше атына сай емес. Көше өте кішкентай әрі бұрылыста орналасқан. Қазіргі уақытта Ақтөбе қалалық мәслихаты тарыдан рекорд орнатып, майдангерлерге азық берген Шығанақ Берсиетің көшесін үлкейту бойынша өтінішті қарап жатыр. Бұл туралы Ш.Берсиевтің жиені Мұхамбет Ешмұханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласында Ойыл ауданының күндері өтіп жатыр. Мәдени шара кезінде Шығанақ Берсиев ескерткішінің орны ауыстырылып, бұрын Пушкин атындағы саябақта тұрған мүсін тарышының өз көшесіне қойылды.
«Пушкин саябағы жекенің меншігі. Шығанақ Берсиев ескерткіші ағаштардың арасында көрінбей қалған соң, оны өз көшесіне орын ауыстыруды жөн көрдік. Ауыл тұрғындары, ақсақалдар қолдап, ұсыныс іске асты»,- деді Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев.
Шығанақ Берсиев көшесіндегі мерекеге ұрпағы Мұхамбет Ешмұханов келді.
«Адамға нан тауып беру адамның материалдық әрекеті. Өзгеге нан тауып беру, рухани әрекет. Шығанақ Берсиев өзіне ғана емес, өзгеге де нан тауып берген кісі. Берсиевтің еңбегі аталып өтілді, көрсеткіштерін әлем біледі. 1946 жылы Ақтөбе қаласындағы Пушкин саябағында оның алғашқы ескерткіші орнатылды. Ол кездегі ескерткіш мүсіні тарышының ауырып жүрген кезіндегі бейнесімен салынды. Бет-бейнесі өте жұтаң болған соң 2008 жылы ескерткіш қайта өзгертілді. Бүгін шағын көшеге көшіріліп отыр. Бұл қуанышты жағдай. Осы көше арқылы өткен адам Шығанақ Берсиевті көріп, құрмет көрсетіп өтеді деп ойлаймыз. Шығанақ Берсиев көшесі өте кішкентай. Алдағы уақытта Ақтөбе қалалық әкімдігі көшені ұзарту жөнінде шешім шығарамыз деп отыр»,- деді Ш.Берсиевтің ұрпағы Мұхамбет Ешмұханов.
Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі Шығанақ Берсиев көшесі бар болғаны бірнеше метрге созылған.
Айта кетейік, атақты тарышының 16 баласы болған. Оның 6 баласы ғана ер жетіп, төртеуі соғысқа аттанған, біреуі майданнан аман-есен оралды. Қазір Шығанақ Берсиевтің немерелері Маңғыстау облысында, ал қызының балалары Ақтөбе қаласында тұрады.