Шымкентке олимпиадаға келіп, уланып қалған 14 оқушының жағдайы қалай

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова Шымкентте уланған балалардың жағдайы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, кеше Шымкентке білім олимпиадасына қатысуға келген ондаған оқушының ауруханада жатқанын хабарлаған едік.

Осыған байланысты вице-министр Шолпан Каринова, балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова, орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың барысын бақылау мақсатында Шымкент қаласына келді.

«Министрдің тікелей тапсырмасы бойынша олимпиадада орын алған мәселелерді анықтап, шаралар қабылдау туралы жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды. Штабтың құрамына Министрлік өкілдерінен басқа Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті, білім басқармасы өкілдері кірді. Шымкентке жетісімен олимпиадаға қатысушы оқушылармен кездесіп, жағдайын білдік. Команда жетекшілерімен кездестік, әңгімелестік. Республикалық олимпиадаға барлығы 891 оқушы қатысып, бақ сынауда. Олимпиада ережеге және бекітілген жоспарға сәйкес өтіп жатыр» деп жазды Шолпан Каринова Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, олимпиада барысында 14 қатысушының дене қызуы көтеріліп, ішек-асқазан сырқаты, сондай-ақ, бір оқушының денесі бөртіп, «желшешек» диагнозының белгілері байқалған.

Ұйымдастырушылар дер кезінде тиісті шұғыл шара қабылдаған.

Аталған оқушыларға шұғыл жедел жәрдем шақырылып, Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

«Балалардың хал-жағдайымен танысу үшін қала емханасының басшылығымен сөйлесіп отырмын. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы бірқалыпты, тиісті емін алып жатыр. Бұдан бөлек, ұйымдастыру комитеті тарапынан оқушыларға психологиялық көмек көрсетілді. Министрліктің басты міндеті - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, мектеп оқушылары орналасқан жерлерде тиісті санитарлық шаралар ұйымдастырылды» дейді вице-министр.

Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жағдайдың туындау себептерін анықтап жатыр.

Денсаулық сақтау басқармасымен, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментімен келісе отырып, балалардың тамақтану орны қалалық мектеп-гимназия асханасына ауыстырылған.

Сонымен қатар, штаб отырысында әділқазылар алқасы мүшелерімен бірге ауырған мектеп оқушыларының олимпиадалық қорытындылары мәселесі қарастырылды.

«Әр бала бойынша әділ, объективті шешім қабылданады. Штаб мүшелерімен олимпиаданың қорытынды кезеңінің салтанатты жабылу рәсімін жұмыс тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, жоғарыда орын алған жағдайға байланысты Шымкент қаласында 3-8 сәуір аралығына жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиаданың өткізу форматы өзгеріп, өңірлерде өткізіледі. Бұл жағдай Оқу-ағарту министрінің жеке бақылауында. Мен министрдің тапсырмасымен олимпиада аяқталғанша Шымкент қаласында боламын» дейді Ш. Каринова.

Соңғы жаңалықтар
telegram