Шымкентте жасөспірімдер тағы да төбелесіп, бір-біріне оқ атқан
Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, келеңсіз жағдай Алматы тас жолы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысында орын алған. 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер өзара жанжалды шешпек болып, осында жиналған. Олардың біреуі әзірге белгісіз қарудан оқ атқан. Қазір бұл жәтті полиция тергеп жатыр. Күдіктілердің жеке бастарын тергеу барысында кәмелетке толмаған 5 жасөспірім анықталған. Жасөспірімдердің екеуі құқықбұзушылыққа қатысы бар-жоғын анықтау үшін ұсталған. Қалғандарын ұстау бойынша жедел кешенді іс-шаралар жүргізілуде.
«Бұл жайт Шымкент қалалық Полиция департаментінің Абай ауданы Полиция басқармасымен ҚР ҚК-нің 293-бап 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте мектеп оқушылары төбелесіп, біреуі жарақат алған болатын. Қазіргі таңда екі оқушы қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде