Silk Way Star: әртістер Астанаға келіп жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Астанаға «Silk Way Star» — Азия мемлекеттері арасында алғаш ұйымдастырылған музыкалық байқауға қатысушылардың басым көпшілігі келіп жетті. Бұл – Армения, Өзбекстан, Грузия, Түрікменстан және Тәжікстан өкілдері. Бұл туралы Jibek Joly хабаралады.

Silk Way Star: әртістер Астанаға келіп жетті
Фото: Видеодан алынған кадр

Сонымен қатар, Оңтүстік Кореядан келген Kandis тобы да бар. Silk Way Star командасы музыканттарды қазақы қонақжайлылықпен қарсы алды: әртістерге бауырсақ ұсынылып, домбырада күй ойналды.

Өз сұхбаттарында әртістер мұндай ауқымды жобаға қатысу – олар үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.

— Мен сахнада не істейтінімді алдын ала білмеймін – бұл мен үшін әрдайым тосынсый! Иә, мен бұған дейін де Қазақстанда, нақтырақ айтсам, Астанада болғанмын және бұл қаланы өте жақсы көремін, – деді Silk Way Star байқауына қатысушы, Грузиядан келген Автандил Абесламидзе.

— Бұл біз үшін осындай ауқымды жобаға алғашқы қатысуымыз және ол шынымен де ерекше – мұндай мүмкіндік өмірде бір-ақ рет болады. Біз бұл байқау бізді әртіс ретінде дамытады деп сенеміз, өйткені алда – халықаралық аудитория алдында өнер көрсету, – деді Оңтүстік Кореялық Kandis тобының мүшелері.

Бүгін түнде Малайзиядан келген әнші Ясмин Азиз де ұшып келуі тиіс – осылайша, барлық қатысушылар жиналады. Жобаға барлығы 12 елдің орындаушылары қатысып, жеңіс үшін бақ сынайды. Түсірілім 26 тамызда басталады.

Айта кетейік, халықаралық «Silk Way Star» байқауы Азияның бірнеше елдерінің телеарналарында көрсетіледі. Қазақстан атынан байқауға әнші Alem қатысады.

Соңғы жаңалықтар