Silk way star — достық пен тәжірибе алаңы
АСТАНА. KAXINFORM — Silk Way Star жобасы жалғасып жатыр. 12 елдің қатысушысын бір арнаға тоғыстырған байқаудың әр күні қызықты өтуде. Silk Way Star — тек қана өнер аламаны емес, ол достық пен ізгілікті дәріптейтін алаң. Осы ретте байқаудың әділқазы мүшесі, Түрікменстан опера әншісі Атажан Бердиев «JibekJolу» арнасындағы «БүгінLive» бағдарламасында Астанада алған әсерімен бөлісті.

— Қазақстан — өте қонақжай халық. Тіпті бұл елдің қонақжайлылығы адамдарының өзгеге деген қарым-қатынасынан-ақ байқалады. Ал, халықаралық жобаға келетін болсақ, мен бұл жерде әділқазы ретінде алғаш рет қатысып отырмын. Алған әсерім ерекше. Себебі, бұл жерге төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен ең талантты жастар жиналған. Менің бір байқағаным, Silk Way Star тек сынақ алаңы емес, мұнда достықтың лебі сезіледі, — дейді мәртебелі мейман.

Бірақ, жобаға көрермен болу мен қазылық ету екі бөлек дүние. Халықаралық деңгейдегі жоба қатысушыларына қара қылды қақ жарып әділ баға беру қиын жұмыс, — дейді ол. Себебі, Астанаға алыстан ат терлетіп келген әр қатысушы жеңіміпаз болуға лайықты.

— Әділқазы болу бұл — жауапкершілігі мол шаруа. Себебі, әр қатысушының өзіне тән таланты мен харизмасы бар. дауыстары мен таңдаған бағыттары да әртүрлі. Сондықтан мен үшін оларға баға беру өте қиын. Біздің берген бағадан қатысушының болашақ тағдыры шешіледі. Ешкімнің көңілін қалдырғым келмейді. Бірақ, сайыстың талабы солай. Ережесі бар. Жеңімпаз тек біреу ғана болуы керек, — деді Атажан Бердиев.
Айтпақшы, өнерпаздар жақында ғана Астана қаласында экскурсия жасап, бір-бірімен достық қарым-қатынасын нығайта түсті. Шаһардың көрікті жерлерін аралап, қазақ халқының мәдениетімен танысты. Танысып қана қоймай, тоның тарихына терең бойлады. Қатысушылар алған әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес екенін жасырмады.
— Мұнда қонақжайлылық өте керемет. Адамдары маған қатты ұнады. Әсіресе Астананың ғимараттары мен архитектуралық туындылары ерекше. Сондай-ақ, мәднеи мұралары да таңдай қақтырмай қоймады. Егер менен Қазақстан туралы пікіріңіз қандай десе, бірден бас бармағымды көрсетіп баға беретін едім, — дейді қатысушылардың бірі.
Айта кетейік, бұл жобаны Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы бірлесіп жүзеге асырып отыр. Ал, Халықаралық Silk Way Star жобасы 20 қыркүйектен бастап «JibekJolу» арнасында көрерменге жол тартады.