Silk Way Star жобасының жеңімпазы әнші Alem-мен дуэт орындағысы келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Азиядағы алғашқы вокалдық мегажоба — Silk Way Star аяқталды. Финалда ерекше дауысымен көпті таңғалдырған Моңғолиядан келген Мишель Джозеф жеңімпаз атанды. Әнші жоба жайлы әсерімен Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында бөлісті. 

Мишель Джозеф
Фото: Видеодан алынған скрин

Моңғол әртісі байқаудан кейін әлі өз-өзіне келмегенін айтып, моңғол және қазақ көрермендерінің қолдауын ерекше атап өтті.

— Отандастарым жаппай құттықтап жатыр. «Қара торғай» әнін шырқағаннан бастап қазақ көрермендері жылы лебіз білдіре бастады. Ең алдымен маған дауыс беріп, қолдаған жандарға алғысымды білдіремін. Әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің қолынан марапат алуым мерейімді еселеді, — дейді әнші.

Жеңімпаз алдағы уақытта қазақ тілінде ән айту жоспарында екенін айтты.

— Қазақтың тілі өте бай. Осы тілде ән айту ойымда бар. Жақында маған қазақ продюсері хабарласты, дауыс жазуды бастаймыз. Алдағы уақытта қазақ тілінде әнім шығады, — дейді Мишель Джозеф.

Сонымен қатар ол Silk Way Star сыйлаған мүмкіндіктерге тоқталды.

— Жоба — елдер арасындағы достықтың көпірі. 12 елден әріптес, дос таптық. Коллаборация, дуэт мәселесін талқыладық. Мысалы, мүмкіндік болса қазақ әншісі Alem-мен бірге ән айтсам деймін. Себебі оның стилі бөлек, әсерлі, — дейді ол.

Айта кетейік, келесі жылы аталған байқауды Қытай тарапы өткізеді

Соңғы жаңалықтар