Сынама, салық, салмақ, пайда: Алтын құйма алушылар нені білуі керек

АСТАНА. KAZINFORM – Алтын құйманы ел азаматтарына сату жобасы 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Тәжірибе көрсеткендей, алтынға инвестиция салуға ынталылар аз емес. Осы орайда, Ұлттық банктен алынған деректер негізінде алтын құйма алатын адам білуі тиіс мәліметтер топтамасын әзірледік.

алтын
Фото: Александр Павский/Kazinform

Құйманың 5 түрі бар 

Аффинирленген алтын құймалар салмағына қарай бес түрге бөлінеді: 5 грамм, 10 грамм, 20 грамм, 50 грамм және 100 грамдық.

алтын
Фото: Александр Павский/Kazinform

Тек жоғары сынамада сатылады 

Барлық өлшенген құймада бағалы металдың құрамы – 99,99%, яғни сынамасы – 999,9.

алтын
Фото: Александр Павский/Kazinform

Қаптамасын ашуға болмайды

Әрбір құймада арнайы қорғаныш элементтері бар: беті айнадай тегіс, микромәтін жазылған және қыры бедерлі.

Құймалар арнайы қаптамамен шығарылады, ол сапа сертификаты да болады және құймаларды механикалық зақымданудан қорғайды.

Бірегей қорғаныш қаптамасы оның ашылғанын немесе ашылмағанын оңай анықтауға мүмкіндік береді. Клиент ультракүлгін сәуле арқылы қорғаныш қаптамасының түпнұсқалығын оңай тексере алады. Ультракүлгін сәулені түсіргенде ашылмаған қаптамада люминесцентті жазулар мөлдір терезе арқылы пайда болады, қаптама ашылған жағдайда өзгереді. Құймаларды тұтас қорғаныш қаптамасында сақтау ұсынылады.

алтын
Фото: Александр Павский/Kazinform

Артықшылығы неде?

  • өтімділігі жоғары
  • салымның ұзақмерзімді түрі
  • инфляция мен экономикалық дағдарыстардан қорғайды
  • клиентке «сол күні» ақша төлей отырып, кері сатып алу (қорғаныш қаптамасының тұтастығы сақталған жағдайда) кепілдендірілген.

Қайдан алуға және сатуға болады?

Қазіргі уақытта өлшенген алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank пен Банк ЦентрКредиттен, сондай-ақ банкке жатпайтын кей айырбастау пунктерінен сатып алуға және қайтадан сатуға болады.

Шетелге шығаруға бола ма?

Президенттің №830 Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын аффинирленген алтынның 5, 10, 20, 50 және 100 граммдық алтын құймаларын, сондай-ақ массасы 100 грамнан асатын аффинирленген алтынды шетелге шығаруға тыйым салынады.

Қалай сақтау керек?

Әрбір өлшенген құйма арнайы қаптамада сатылады. Сақтау кезінде осы қаптаманы ашпаған жөн. Себебі, қаптама оның сапа сертификаты ретінде де саналады. Оның ашылғаны немесе ашылмағаны оңай анықталады.

Қаптама ашылмаса, екінші деңгейлі банктер алтын құйманы ұзақ тексерістен өткізбей-ақ сатып алуға міндетті болады.

Салық салына ма?

Ұлттық Банк шығаратын инвестициялық құралдарға (алтыннан жасалған инвестициялық монеталар және тазартылған алтынның өлшеулі құймалары) қосылған құн салығы салынбайды.

Қай алтын құймалары өтімді?

2024 жылғы 1 желтоқсандағы дерекке сай, құйма сатып алушылар арасындағы сұраныс:

  1. 10 граммдық алтын, оның жалпы сату көлеміндегі үлесі – 51 958 дана немесе 24%  
  2. 100 грамдық құйма - 47 794 дана немесе 22%
  3. 5 грамдық құйма - 47 584 дана немесе 22%
  4. 20 грамдық құйма - 38 603 дана немесе 18%
  5. 50 грамдық құйма - 29 555 дана немесе 14%.

Айта кетейік, бұған дейін алтын құймаға инвестиция саларда нені ескеру керегін жазған едік.

– Алтынға инвестиция салған кезде, алтын бағасы өзгеріп отыратынын, яғни өсуі де, түсуі де мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Демек, инвестициялаудың кез келген түрі сияқты, алтынға байланысты инвестицияларда да толыққанды ескерілуі қажет тәуекелдер бар, - делінген Ұлттық банктің жауабында.

Ұлттық банк күн сайын 1 грамм алтынның бағасын жариялап отырады. Ондағы деректерге сүйенсек, кейінгі 3 айда алтын бағасы 4 мың теңгеге жуық өскен.

Сондай-ақ, Ұлттық банк ел азаматтары бүгінге дейін қанша алтын құймасын сатып алғанын мәлімдеген болатын.

Атап айтқанда, 2025 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сай, Ұлттық Банк екінші деңгейлі банктер мен банкке жатпайтын айырбастау пунктеріне жалпы салмағы 6,8 тонна өлшенген құйма сатқан. Сату және қайта сатып алу тәртібі банктер және айырбастау пункттерімен жасалған шарт арқылы реттеледі.

Соңғы жаңалықтар