Сирия қақтығысы: Башар Асад кім және билікке қалай келді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сирия президенті Башар Асад үкіметке қарсы күштердің шабуылынан кейін Дамаск қаласынан белгісіз бағытқа ұшып кетті. Kazinform тілшісі Башар Асадтың Таяу Шығыстың ең күрделі және қақтығысқа толы елдерінің бірін қалай басқарғанын шолып көрді.

Башар Асад 1965 жылы 11 қыркүйекте Сирияның Дамаск қаласында дүниеге келген. Ол әкесі Хафез Асадтың бес баласының үшіншісі еді. Хафез Асад Сирияның Әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерін басқарған бригадалық генерал болды және 1971 жылдан 2000 жылға дейін ел президенті қызметін атқарған.
Башар Асад Дамаскідегі беделді «Хуррия» араб-француз лицейінде орта білім алып, 14 жасында Араб социалистік жаңғыру партиясының («Баас») жастар қанатына қосылды. Лицейден кейін әскерде қызмет етті.
1988 жылы Башар Дамаск университетінің медицина факультетін офтальмология мамандығы бойынша үздік аяқтап, дәрігер атанды. Кейін Дамаск маңындағы «Тишрин» әскери госпиталінде жұмыс істеді. 1992 жылы Ұлыбританияда Лондон университетінің Әулие Мария клиникасында офтальмология бойынша тағылымдамадан өтті.
Башар Асад туған ағасы Басил Асадтың қазасынан кейін ғана саясатқа араласты. 1994 жылы автокөлік апатынан қаза тапқан Басил Асад Сирия президенті Хафез Асадтың мұрагері ретінде дайындалып жүрген еді. Осы оқиғадан кейін Башар Лондондағы оқуын тастап, Сирияға оралуға мәжбүр болды. Сол жылы ол Хомс қаласындағы әскери академияға түсіп, Республикалық гвардия дивизиясында қызмет атқарды.
1995 жылы Башар танк батальонын басқарды. Әскери қызметпен қатар азаматтардың шағымдары мен өтініштерін қарау бюросын басқарды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес науқанын жүргізді. 1997 жылы Республикалық гвардияның қолбасшысы, ал 1999 жылы президент кеңесшісі болып тағайындалды. Башар Асад елдің саяси өміріне белсенді қатысып, Сирияның Ливанмен қарым-қатынасын бақылау тапсырылды. Ол бірнеше араб елдеріне ресми сапарлар жасады.
2000 жылы маусым айында Хафез Асадтың кенеттен қайтыс болуы Башар Асадқа елдің жоғарғы мемлекеттік лауазымына үміткер болуға мүмкіндік берді. Оның билікке келуі үшін Халық кеңесі (парламент) конституцияға түзетулер енгізіп, президенттікке үміткердің жасын 40-тан 34-ке дейін төмендетті.
2000 жылы 10 шілдеде Асадтың кандидатурасы президенттікке жалғыз үміткер ретінде бүкілхалықтық референдумда мақұлданды. Ол үшін сайлаушылардың 97%-ы дауыс берді. 2000 жылы 17 шілдеде ол 7 жылдық мерзімге президент қызметіне кірісті. Ал 2007 жылы 27 мамырда – референдумда 97,6% сайлаушының қолдауымен екінші мерзімге қайта сайланды.
Оның билігінің алғашқы кезеңі бірқатар реформалармен есте қалды. Елде тәуелсіз газеттер шыға бастады, жеке университеттер ашылды, жеке банктер мен қор нарығы құрылды. Алайда, консервативті саяси топтардың ықпалымен Асад авторитарлық режимді одан әрі жұмсартуға батылы бармады. Әсіресе 2011 жылы басталған Сириядағы азаматтық соғыс кезінде оның билігі қатаң сынға алынды.
Президент лауазымында Башар Асад Израиль мен Сирия қақтығысына қатысты әкесінің қатаң саясатын жалғастырды. Ол бірнеше рет Сирияға 1967 жылы Израиль басып алған Голан жоталарының қайтарылуын талап етті. 2005 жылы наурызда халықаралық қауымдастықтың қысымымен Б.Асад Сирия әскерін Ливаннан шығаруға келісті. Бұл әскер 1975-1990 жылдардағы Ливан азаматтық соғысы кезінде 1976 жылғы сәуірде кіргізілген болатын.
Al Jazeera телекомпаниясының хабарлауынша, Башар Асад билікке келген соң адам құқықтары жөніндегі реформалар туралы уәделеріне қарамастан, көп нәрсе өзгерген жоқ. 2006 жылы Сирия диссиденттерге қатысты саяхатқа шығу тыйымдарын кеңейтті, көптеген адамдардың елден кетуіне тыйым салынды. 2007 жылы және 2011 жылы Facebook сияқты әлеуметтік желілер блокталды. Адам құқықтары ұйымдары Башар әл-Асадтың саяси қарсыластарының үнемі азапталып, қамалып, жоғалып, өлтірілгенін хабарлады.
Human Rights Watch мәліметінше, 2009 жылы Сириядағы адам құқықтары жағдайы әлемдегі ең нашар жағдайлардың бірі болды және ол «одан әрі нашарлаған».
Асад билігі кезінде Сирияның негізгі қарсыластары АҚШ пен Израиль болып қалды.2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғалардан кейін Вашингтонның көзқарасы өзгерді, бірақ 2003 жылы Ирактағы соғыстың басталуымен АҚШ Сирияны қайтадан қақтығысқа араласты және террористерді қолдады деп айыптады. 2004 жылы мамырда кіші Джордж Буш Сирияға экономикалық санкциялар салды.
2011 жылы Сирияда азаматтық соғыс басталды, үкіметке қарсы наразылықтар Башар Асадтың президенттіктен кетуін талап еткен қарулы оппозициялық топтар мен үкімет әскері арасындағы қақтығысқа ұласты. Осындай жағдайда 2012 жылғы ақпанда көппартиялық жүйені бекіткен жаңа конституция қабылданды. 2014 жылғы 3 маусымда ел тарихындағы алғашқы баламалы сайлауда Башар Асад 88% дауыс жинап, үшінші рет президент болды (жаңа конституцияға сәйкес, бұл оның бірінші мерзімі болып есептеледі. АҚШ және ЕО елдері бұл сайлауды заңсыз және демократияға қайшы деп таныды).
2021 жылы елдегі әскери іс-қимылдар мен оқшаулануға қарамастан Башар Асад Сирия президенті болып қайта сайланды, бұл жағдай жалғасып жатқан қақтығыс пен Батыс елдерінің айыптауларымен өтті. Асад жеті жылдық мерзімге – 2028 жылға дейін қайта сайланды. Оған сайлаушылардың 95,1%-ы дауыс берді.
Башар Асад 2001 жылдан бері Хомс қаласынан шыққан ықпалды сунниттік отбасының өкілі Асма әл-Ахраспен үйленген. Ал Асадтың өзі алавит мұсылман болып табылады. Оның үш баласы бар – екі ұл және қыз.