Сирия қауіпсіздік күштеріне «жүздеген бейбіт тұрғынды өлтірді» деген айып тағылды

АСТАНА. KAZINFORM – Бақылаушылар қарулы топ мүшелерін қосқанда құрбан болғандардың жалпы санын мыңға жуық деп есептейді. Бұл туралы ВВС жазды.

Сирия қауіпсіздік күштеріне «жүздеген бейбіт тұрғынды өлтірді» деген айып тағылды
Фото: www.evrensel.net

Ұлыбританияда орналасқан Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығы (SOHR) жұма және сенбі күндері алавиттерге жасалған 30-ға жуық шабуылда 745 бейбіт тұрғын қаза тапқанын мәлімдеді. Жүздеген адам үйлерін тастап кеткен.

Алавиттер, шииттік исламның бір тармағы саналатын діни топ, Сирия халқының шамамен 10 пайызын құрайды. Сирия тұрғындарының көпшілігі – сунниттік мұсылмандар.

Syria TV хабарына сәйкес, биліктен қуылған Башар Асад режиміне қатысы бар қарулы адамдармен бейсенбі күні қақтығысқан сириялық қауіпсіздік күштерінің кемінде 13 қызметкері қаза тапқан. 

Қақтығыстар Асад әулетіне тиесілі Латакия маңындағы Джабла аймағында бастау алған. SOHR кейінгі екі күнде 1 000-нан астам адамның қаза тапқанын, бұл Сириядағы көтерілісшілер Асад режимін 2024 жылы желтоқсанда құлатқаннан бергі ең сорақы және кең таралған зорлық-зомбылық екенін айтты. 

SOHR есебіне сәйкес, зорлық-зомбылық толқыны исламшылдар басқаратын үкіметтік қауіпсіздік күштерінің 125-ке жуық мүшесі мен Асадты қолдайтын 148 жауынгерді өлтірді. Бір күн бұрын Сирияда қауіпсіздік күштерінің қолынан 340 бейбіт тұрғын қаза тапқаны хабарланған болатын.

Айта кетейік, Сирияның бірқатар қаласында жағдай шиеленісіп, түрлі топтар арасында қақтығыстар жүріп жатқанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ Сирияның уақытша президенті зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар