Сирияда қоғамның барлық саласын қамтитын үкімет құрылады

АСТАНА. KAZINFORM – Сирия Сыртқы істер министрі Асад аш-Шайбани Сауд Арабиясының ресми өкілдеріне Дамасктегі жаңа басшылық Башар Асад биліктен кеткеннен кейін Сирия қоғамының барлық саласын қамтитын үкімет құрғысы келетінін айтты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Сирияда қоғамның барлық саласын қамтитын үкімет құрылады
Фото: SANA

Жақында Сирия Сыртқы істер министрі жоғары дәрежелі делегацияны Сауд Арабиясына бастап барды, бұл Сирияның жаңа әкімшілігінің ресми делегациясының алғашқы шетелдік сапары болды.

Бейсенбі күні Асад аш-Шайбани Сирияның Қорғаныс министрімен бірге Эр-Риядта Сауд Арабиясының Қорғаныс министрі ханзада Халид бен Салманмен, сондай-ақ Корольдіктің Сыртқы істер министрі Фейсал бин Фарханмен кездесті.

– Сапар барысында біз сириялық қоғамның барлық секторларын қамтитын серіктестік пен тиімділікке негізделген үкімет құру, сондай-ақ инвестицияға жол ашатын экономикалық даму жоспарын іске қосу, стратегиялық серіктестік орнату және халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту жөніндегі ұлттық көзқарасымызды жеткіздік, - деп мәлімдеді Асад аш-Шайбани әлеуметтік желіде.

Бұған жауап ретінде Сауд Арабиясының «Король Салман атындағы құтқару және гуманитарлық көмек орталығының» (KSRelief) делегациясы жұма күні Дамаскіге барды, онда гуманитарлық және медициналық ынтымақтастықты талқылау үшін Сирия денсаулық сақтау министрі Махер аш-Шараамен кездесті.

Сирия мен Сауд Арабиясы арасындағы әуе көпірінің бір бөлігі ретінде 3 KSRelief ұшағы гуманитарлық көмекпен Дамаск әуежайына келіп жетті.

Сирия
Фото: SANA

8 желтоқсанда Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад тақтан тайдырылғаннан бері Хаят Тахрир аш-Шам бастаған оппозициялық топтар араб елдері мен халықаралық қауымдастықты «елді барлық сириялықтардың мүддесі үшін басқаратынына» сендіруге тырысып жатыр. 

Сенбі күні Сирияның сыртқы істер министрі «тұрақтылықты, қауіпсіздікті, экономиканы қалпына келтіруді қолдау және нық серіктестік орнату үшін» алдағы күндері Катарға, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Иорданияға баратынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Әзербайжан Республикасы Президентінің тиісті тапсырмасына сәйкес, елдегі гуманитарлық проблемаларды жоюға көмектесу үшін 30 желтоқсанда Бакуден әртүрлі азық-түлік өнімдерінен тұратын 10 жүк көлігі Сирияға жөнелтілді.

Соңғы жаңалықтар