Сирияда ұлттық бірлік уақыты келді — Фидан

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия Сириядағы күрд жасақтарын интеграцияға шақырып, одан әрі шиеленісу елді бөлшектеуге ұмтылған күштерге тиімді екенін айтады, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.

Сирияда ұлттық бірлік уақыты келді — Фидан
Фото: Anadolu ajansı

Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Сирияның Алеппо қаласындағы соңғы оқиғаларға түсініктеме бере отырып, болып жатқан оқиғалар Анкараның соңғы жылы айтылған ескертулерін растайтынын мәлімдеді. 

Оның айтуынша, егер Күрдістан жұмысшы партиясы (Қазақстанда тыйым салынған — ред.) мен оның Сириядағы бөлімшесі, «Сирия демократиялық күштері» (SDF) деген атпен әрекет ететін «Халық қорғау бөлімдері» (YPG) кешеуілдету тактикасынан бас тартып, Сирия мемлекетіне интеграциялану процесін бастаса, қазіргі оқиғалардың алдын алуға болар еді.

Фидан КЖП/YPG-нің аумақтардағы бақылауды сақтап қалу және өз мүдделерін қандай баға болса да алға жылжыту ниетінің Сирияға да, жалпы аймаққа да пайда әкелмейтінін атап өтті. Ол Сирия үкіметі негізінен өз күшін қалпына келтіріп, лаңкестікке қарсы әлеуетін күшейтіп, халыққа негізгі мемлекеттік қызметтерді көрсете бастағанын айтты.

— Қазір Сирияда ұлттық бірлік уақыты келді. SDF өз жауапкершілігін орындауы керек, — деді Түркияның Сыртқы істер министрі.

Ол оның орнына құрылым Израильмен келісе отырып әрекет етеді және аймақта жүргізіліп жатқан «бөлу және жеңу» саясатының құралына айналады деп мәлімдейді.

Осыған дейін Алеппода Сирия үкіметі мен күрд күштері арасындағы қақтығыс күшейгенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар