Сириядағы тұтқиыл шабуыл: АҚШ-тың екі әскери қызметкері мен азаматы опат болды

АСТАНА. KAZINFORM — Сирияда «Ислам мемлекеті» ұйымының содыры ұйымдастырған тұтқиыл шабуыл салдарынан АҚШ-тың екі әскери қызметкері мен бір азаматы қаза тапты. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) хабарлады, деп жазады Синьхуа.

Сирия сообщила о гибели военных в результате израильской атаки дронами
Фото: alikhbariah.com

CENTCOM мәлімдемесіне сәйкес, тағы үш әскери қызметкер жарақат алған.

— Шабуыл жасаған қарулы адам көз жұмды. Қаза тапқандардың отбасыларына құрмет білдіру және Пентагонның саясатына сәйкес, әскери қызметкерлердің аты-жөні жақын туыстарына хабарланғаннан кейін 24 сағат өткен соң ғана жарияланады, — делінген хабарламада.

АҚШ әкімшілігі Пальмира ауданына жақын жерде сириялық-америкалық бірлескен патрульге жасалған шабуылды ұйымдастыруға кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартатынын мәлімдеді. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаменті мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен Сирияның өтпелі үкіметіндегі сыртқы істер министрі Асаад аш-Шейбани арасындағы телефон әңгімесінің қорытындысы бойынша жарияланған мәлімдемеде айтылған, деп жазады ТАСС.

Мәлімдемеде атап өтілгендей, сыртқы істер министрі Асаад аш-Шейбани көңіл айтып, Сирия үкіметінің «Ислам мемлекеті» террористік ұйымынан төнетін ортақ қауіптің алдын алу және оны жоюға бейілділігін растады.

— Америка Құрама Штаттары америкалықтарға зиян келтіретін және қауіп төндіретін барлық тұлғаларды жауапқа тартады, — делінген АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде.

Бұған дейін сенбі күні Сирияның ресми SANA ақпарат агенттігі Сирияның орталық бөлігіндегі Пальмира қаласының маңында сириялық және америкалық әскери қызметкерлерден құралған бірлескен патрульге оқ атылғанын хабарлаған еді.

Агенттік мәліметінше, оқиға салдарынан екі сириялық әскери жарақат алып, бірнеше америкалық әскери қызметкер жарақаттанған, ал шабуыл жасаған адам оқиға орнында қаза тапқан.

Бұдан бұрын Аустралияда террористік шабуылдан қаза болғандар саны 12 адамға жеткенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар