Сириялық қылмыскер 15 жылдан кейін Германиядан өз еліне депортацияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Германия Сириядағы соғыс басталғаннан бері алғаш рет Сирия азаматын отанына депортациялады, деп хабарлайды DW агенттігі.
Солтүстік Рейн-Вестфалия штатындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеген 37 жастағы ер адам Дамаск билігіне тапсырылды.
Ол ерекше ауыр тонау, дене жарақатын салу және бопсалау үшін сотталған. Сириялық Германияға 2015 жылы келген, бірақ жасаған қылмыстарына байланысты Гельзенкирхен иммиграциялық кеңсесі оның тұруға рұқсатын ұзартудан бас тартып, елден кетуге бұйрық берген.
Талап өз еркімен орындалмаған соң, билік оны мәжбүрлі түрде депортациялауға бұйрық берді. Ер адам полицияның сүйемелдеуімен Сирияға жеткізілді.
Неміс ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл 2011–2012 жылдардан бері сириялықты алғаш рет депортациялау. Саяси сарапшылар мұны маңызды символдық қадам және елдің көші-қон саясатындағы елеулі прецедент деп атайды.
Сонымен бірге неміс билігі кезекті депортация жасады. Қасақана дене жарақатын салғану үшін сотталған Бавариядан Ауғанстанға жіберілді. Бұл соңғы уақыттағы екінші операция.
Германияның Ішкі істер министрі Александер Добриндт үкіметтің саясаты берік болып қала беретінін мәлімдеді: қылмыскерлер мен қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін адамдар елден кетуі керек. Ол бақылауды, жүйелілікті және қылмыстық құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеуді ерекше атап өтті.
Ауғанстан мен Сирияға депортациялау басқарушы коалицияның келісімінде бекітілген. Неміс билігі Сирияға әуе рейстерінің қайта жандануы елдегі соңғы бір жылдағы саяси жағдайдың өзгеруінің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
Айта кетейік, желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде АҚШ ирандықтардың екінші тобын депортациялады.