Сириялық босқындардың 95 пайызы Иорданияны паналауда (ВИДЕО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сириядағы соғыстан қашқан мыңдаған босқын елдің Иорданиямен арадағы шекарасында күнелтіп жүр.
None
None

Мигранттар шатырларды паналағандықтан, табиғаттың түрлі тосын мінезіне төзуге мәжбүр,-деп хабарлайды 24.kz. Ал мамандар «далалық өмірде тазалық болмағандықтан, адамдар арасында жұқпалы аурулар таралуы мүмкін» деп қауіптеніп отыр.

Бұл - 34 жастағы Сирия азаматы Халед Маллак. Ол әйелі мен алты баласын ертіп туған жері Дамаскіні тастап кеткен. Бүгінде «Азрак» лагерін паналаған босқындардың бірі. Айтуынша, мұнда қайырымдылық ұйымдарының жеткізетін азық-түлігін алу үшін ұзын-сонар кезекте тұратыны болмаса, аш құрсақ емес.

- Осында тұрып жатқаныма үш ай өтті. Шағымданбаймын. Бірақ жетісіп отырмыз деуге де келмейді. Әсіресе, балаларға қиын. Айналамызда тышқан мен түрлі жәндіктер өріп жүреді»,-дейді Халед Маллак. Халықаралық шарт бойынша Иордания күніне 300 босқын қабылдауға келісім берген. Алайда мұнда кіретін әрбір адам жіті тексеріледі. Себебі Корольдік билігі ағылған босқындармен бірге шекарадан лаңкестер де кіріп кете ме деп қауіптенеді. Иордания үкіметінің өкілі Мохаммад әл-Моманидің айтуынша, «Ирак пен Левант лаңкестік тобының» осы өңірге де келуі әбден мүмкін. «Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарай алмаймыз. Біз үшін ел тұрғындарының қауіпсіздігі бірінші орында»,-дейді ол.

Иордания - соғыстан қашқан сириялықтардың бас сауғалап баратын бірінші мекені. Корольдік бұл елден келгендердің 95%-ына пана болған. Қолында қаржысы болып Түркия, Еуропа асқандар да жетерлік. Бірақ көбі осында тұрақтап жатыр. Мемлекет сырттан келгендерге көмек беруде. Бірақ оның қашанға дейін созылары белгісіз. Себебі Корольдікке қолұшын беретін халықаралық ұйымдар кеткен шығынның жартысын ғана жабады. 

 

Соңғы жаңалықтар