«СҚ-Фармация» қаржы жымқыру күдігіне ілікті: аудит пен тергеу нені анықтады
АСТАНА. KAZINFORM — «СҚ-Фармация» ЖШС-не қатысты сотқа дейінгі тергеу амалы басталды. Бұл ақпаратты Қаржы мониторингі агенттігі растап отыр.

Агенттіктің мәліметінше, Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, аталған іске қатысты өзге мәлімет жария етілмейді.
Денсаулық сақтау министрлігінің халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметіне жүргізілген аудит қорытындысы бойынша келесі фактілер анықталды:
— Министрлік «Ғылыми-инфекциялық препараттар орталығы» АҚ-қа клиникалық зерттеулер жүргізу бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін 166 427,3 мың теңге, сондай-ақ ғылыми-техникалық бағдарлама аясында іс жүзінде жеткізілмеген 4 бірлік жабдық үшін 36 634,1 мың теңге көлемінде төлем жасаған;
— 13 түрлі препаратты сатып алу кезінде баға айырмашылығы анықталған. Бұл ретте сатып алу бағасы нарықтық бағадан 600%-ға дейін жоғары болған. Бұл жағдай негізінен тегін амбулаториялық көмекке арналған дәрі-дәрмектің заңсыз есептен шығарылып, бөлшек саудада сатылуымен байланысты;
— «ҚазМедПром» ЖШС «СҚ-Фармация» ЖШС-не медициналық қолғапты нарықтағы бағадан жоғары құнмен сатқан, бұл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкелген;
— Аудит барысында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің «СҚ-Фармация» ЖШС-нің дәрі-дәрмек сатып алу кезінде мемлекет бюджетін 35,8 млрд теңге залал келтірді деген мәлімдемесі расталды.
Денсаулық сақтау министрлігінің халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметі бойынша жүргізілген аудит келесі заң бұзушылықтарды анықтады:
— 203 061,4 мың теңге көлемінде өтелуге жататын қаржылық заң бұзушылық;
— 24 970 967,7 мың теңге сомасында бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану.
Сондай-ақ биыл маусымда қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар аудит материалдары Бас прокуратураға шара қабылдау үшін жолданғаны хабарланды.
Еске сала кетсек, «СҚ Фармация» компаниясындағы сыбайластық ымыра әрекет туралы 2017 жылы да жазған едік.
2020 жылы «СҚ Фармация» қызметіне тексеріс жүріп жатқаны хабарланды.
Айта кетсек, биыл Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Бас прокуратураға 4 арыз беретінін мәлім етті. Оның ішінде «СҚ Фармация» компаниясы да бар.
Оның атап өтуінше, арыздар мынадай 4 бағытқа қатысты: «СҚ-Фармация» мен ірі фармацевтикалық компаниялар қызметін қоса алғанда аталған салаға жүргізілген аудит нәтижелері, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қаражат жымқыру, ауыл шаруашылығында субсидия бөлу мәселесі, сондай-ақ 27 маусымда мақұлданған Үкімет есебі.