«Іскер аймақ» бағдарламасы қандай бағыттарда іске асырылады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы қандай бағыттарда іске асырылатынын айтты. 

Серік Жұманғарин
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Оның айтуынша, «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы өзара байланысты үш бағыт бойынша іске асырылатын болады.

Біріншісі — қаржылық шаралар. Қарыз қаржыландырудың құнын төмендетуге және шағын бизнестің кредиттік ресурстарға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру арқылы жүзеге асырылады.

Екінші — қаржылық емес шаралар. Салалық онлайн-оқыту, кәсіпкерлердің құзыреттерін арттыруға бағытталған сервистік және консультациялық қолдау көрсетіледі.

Үшінші — инфрақұрылымдық шаралар. Өндірістік және коммуналдық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету, үй-жайлар мен жер учаскелерін жеңілдікпен жалға беру жүзеге асырылады.

— Қазіргі уақытта ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, оның ішінде жергілікті ресурстарға бағдарлана отырып, қайта өңдеуді, қолөнерді және шағын өндірістерді дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты», «Бір ауыл — бір өнім» сияқты бағдарламалар іске асырылып жатыр. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жобаларын қоса алғанда, аталған бағдарламалар аясында іске асырылатын жобалар «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасымен қосымша қолдау ала алады және субсидиялар, инфрақұрылымдық және қаржылық емес мемлекеттік қолдау үшін жүгінген кезде басым тәртіппен қаралатын болады, — деді ол. 

Айта кетелік Үкімет микро және шағын бизнесті қолдау шараларын талқылайды

Соңғы жаңалықтар