СҚО биыл 3 144 қоныс аударушыны қабылдайды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 30 мың адам әлеуметтік қолдауға ие болды. Ал мүгедектігі бар жандарға 2,4 млрд теңгенің көмегі көрсетілді.

СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловтың айтуынша, өңірде тұрғындарды әлеуметтік қолдауға кешенді шаралар қабылданған.
Соның ішінде мүгедектігі бар адамдар басты назарда. Былтыр оларға жеке көмекшілердің қызметтері мен санаторийге жолдамаларды қоса алғанда, 10 мыңнан астам техникалық оңалту құралдары алынды. Биыл қызметтің бұл түрін 11 мыңға дейін арттыру жоспарланған.
- Үкіметтің тапсырмасына сәйкес өңірде дағдарыстық санаттағы отбасыларды азайту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Нақты жұмыстың арқасында D және E санатындағы отбасылар саны 48,9 мыңнан 39,4 мың адамға дейін азайды. Осы жылы санын тағы 7% төмендету көзделген.
Қазір өңірдегі жұмыссыздық деңгейі - 4,5%. 2024 жылы жоспар бойынша 4 512 жаңа жұмыс орны құрылды, биыл тағы 4 291 жұмыс орнын құру міндеті тұр, - дейді Жүсіп Жұмағұлов.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, былтыр облысқа жұмыс күші артық өңірлерден 2 547 қоныс аударушы келді. Барлық келген азаматтарға 1,8 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде 1 млрд теңгеге тұрғын үй сатып алу үшін 278 экономикалық ұтқырлық сертификаты берілді. Еңбекке қабілетті азаматтардың 78% жұмысқа орналастырылды. Өңір биыл тағы 3 144 қоныс аударушыны қабылдауды жоспарлап отыр.
Былтыр Түркістан облысынан 300-ге жуық отбасы, 1 200-ге тарта азамат қоныс аударған.
Ал 2025 жылдың наурызынан қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қызметтері автоматтандырылмақшы.