СҚО-да 11 адамға іздеу жарияланды

Петропавлдық зейнеткер әжей 26 қазанда үйден шыққан 80 жастағы күйеуінің үйге оралмағанын хабарлады. Қалалық ІІБ жедел қызметкерлері іздестіру шараларының кешенін жүргізіп, зейнеткердің қала аумағынан шығып кеткенін анықтады. Қызылжар ауданы Татарка ауылының тұрғыны оны өз ауылынан көргенін айтты. Атай ескі достарына қыдырып келген және бұл туралы туыстарына ескертуді ұмытып кеткен. Зейнеткер үйіне қайтарылды. Мәмлүт ауданы Белое ауылының тұрғынын да полиция бір айдан бері іздеп жатыр. 61 жастағы Надежда Коваленко 3 қазанда үйінен шығып кеткен және оның қайда екені әлі күнге дейін беймәлім. Жыл басынан бері облыстық ішкі істер органдарына туыстары мен жақындарын жоғалтқан 105 солтүстікқазақстандық хабарласқан. 107 із-түзсіз жоғалғандардың орналасқан жері анықталды, оның 13-іне өткен жылдары іздеу салынған. «Жоғалған азаматтардың негізгі бөлігін ішімдікке үйір, қаңғумен айналысатын ерлер құрайды», - деп атап өтті СҚО ІІД криминалды полиция басқармасы басшысының орынбасары Василий Скляр.