СҚО-да 215 адам «гонконг тұмауын» жұқтырды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық маусым басталғалы 215 адамда A / H3N2 типті тұмау анықталды.

Құс тұмауын жұқтыру қаупі төмен — ДДСҰ
Фото: pexels.com

Халық арасында «гонконг тұмауы» деп аталып кеткен қауіпті вирусты негізінен ересектер жұқтырған. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ауырғандардың 129-ы — ересектер болса, қалған 86-сы — балалар.

Ал эпидемиологиялық маусымда жіті респираторлық-вирустық инфекцияны 44 159 адам жұқтырған. Өткен маусымның ұқсас кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 9,4% төмендеген. Былтыр ұқсас кезеңде 48 786 адам ауырған.

Дәрігер көмегіне жүгінгендердің 65,8% немесе 29 мыңнан астамы — 14 жасқа дейінгі балалар.

Мамандардың айтуынша, сырқаттанушылық деңгейі бұған дейін аздап саябырласа, өткен аптада ЖРВИ-ді жұқтырудың 2424 жағдайы тіркелді.

— Тұмауды жұқтырғанда дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, тамақ ауруы, мұрын бітелуі сияқты белгілер болады. ЖРВИ мен тұмаудың алғашқы белгілері байқалған кезде өзін-өзі емдеуге болмайды, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет, дәрігерді үйге шақыру керек. Ұзақ мерзімді ауру көбінесе асқынулар тудырады. Олардың ішіндегі ең көп таралғаны және қауіптісі — өкпенің қабынуы, — дейді дәрігерлер.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында шошқа тұмауы тіркелгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар