СҚО-да ауа райының күрт жылынуына байланысты ескерту жарияланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 13 наурыздан бастап ауа райы күрт жылынады деп болжанған.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, 13-18 наурыз аралығында облыс аумағына оңтүстік-батыс циклоны әсер етеді. Осыған орай ауа температурасы түнде 2-7 аяздан, облыстың шығысында -10 аяздан 0-2 градусқа дейін жылынады, ал күндіз -2 градустан, кей жерлерде сынап бағанасы +10 градусқа дейін көтерілмек.
Сондай-ақ синоптиктердің хабарлауынша, бұл күндері соңы жаңбырға ұласатын қар жаууы ықтимал. Ауа райының күрт жылынуы да қардың қарқынды еруіне әкелмек.
Бұған дейін СҚО-да өзендерде мұз жару жұмысы жүргізіліп жатқанын жаздық. Биыл мұз жару жұмыстары Петропавл мен 8 ауданда жоспарланған. Бұл үшін Есіл мен шағын өзендерде 49 учаске белгіленді. Биыл жұмсалатын қаражат өткен жылмен салыстырғанда 5 есе көбейтілді.
Жалпы биыл СҚО-да 116 елді мекенді су басу қаупі жоғары.