СҚО-да ауаны ластауы мүмкін 60 шақты нысан бақылауға алынған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет атмосфералық ауаның жағдайын тұрақты бақылауға алған.

Экология
Фото: Pixabay.com

Ведомствоның мәліметінше, өңірде атмосфералық ауаға зиянды заттар шығаратын 59 нысан тіркелген. Ол кәсіпорындардың 27 түрлі ластаушы зат шығаратыны анықталды. Соның ішінде бұл заттардың 9-ы қауіптіліктің 1-2 класына жататын, яғни адам ағзасына аса зиян келтіретін компоненттер.

- Атмосфералық ауа сынамаларын алу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу қағидалары аясында қаланың магистральдық көшелерінде, қоныстану және өнеркәсіптік аймақтарында және облыстың барлық аудандарында жүзеге асырылады.

Жүргізілетін санитариялық-эпидемиологиялық мониторингтің тиімділігі мен сапасы санитариялық нормалар мен гигиеналық талаптарға, сондай-ақ техникалық регламенттер мен әдістемелік нұсқаулықтарға сай бағаланады. Осы арқылы орындалатын іс-шаралардың нәтижелілігіне талдау жасалып, қоршаған орта мен халық денсаулығын қорғау жолында нақты шешімдер қабылданады, - дейді мамандар.

Осы жылдың 4 айында облыс бойынша 9655 ауа сынамасы алынған. Зерттеу нәтижесінде Зерттеу нәтижесінде 16 сынамадан шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кеткен жағдайлар анықталды. Бұл деректер бойынша құзырлы органдарға тиісті шаралар қабылдау үшін ресми ұсыныс хаттар жолданды.

Бұған дейін Атырауда жыл басынан бері экологияны ластағандарға 916 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар