СҚО-да бетперде киген екеу жанармай бекетін тонады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласындағы жанармай стансаларының біріне қарақшылық шабуыл жасалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Шабуыл видеосы әлеуметтік желілер арқылы тарап кетті. Бетперде киген белгісіз екеу әйнекті шағып, кассаны тонаған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тонаушылардың «табысы» 10 мың теңге.
«Департаменттің криминалды полиция бөлімшесі қызметкерлері мен Тайынша аудандық полиция бөлімшесі қызметкерлерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары барысында қылмыстың барлық жағдайлары анықталатын болады», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Жанармай бекетіне жасалған шабуыл сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне енгізілді.