СҚО-да биыл 1200-ден астам диқанның құқығы қорғалды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында өсімдік шаруашылығын дамытуға биыл 36,5 млрд теңге субсидия бөлінді, бұл былтырғыға қарағанда 16 млрд теңгеге артық.

СҚО-да биыл 1200-ден астам диқанның құқығы қорғалды
Фото: Мақтаарал ауданы әкімдігі

Петропавлда кәсіпкерлер палатасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің құқығын қорғауға арналған іс-шара өтті. Жиында қаралған мәселелердің бірі — тыңайтқыштарды субсидиялау көлемінің жеткіліксіздігі. «Меленчук и К» ЖШС басшысы Евгений Меленчук 17 мың тонна субсидияланған көлем барлық шаруашылықтардың қажеттіліктерін өтемейтінін атап өтті. 

— Жақында ауыл шаруашылығы басқармасы 17 мың тонна тыңайтқыш үшін «ҚазАзотқа» ақша төлеп, субсидиялады. Бұл өте аз ғой. 17 мың тонна шамамен 40-50 мың гектарға ғана жетеді. Облыстағы бір шаруашылық, мәселен Зенченконың алқаптарын да толық өңдеуге жетпейді. Біз толық бағамен сатып алуға дайынбыз, бірақ ақшаны қайдан алуға болады? — деді кәсіпкер.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқкужиновтың айтуынша, шаруашылықтар тыңайтқыш алғылары келсе, отандық зауыттар — «ҚазАзот» АҚ және «Қазфосфат» ЖШС жыл басында өтінім берулері қажет.

— Бүгінгі таңда біз осы зауыттармен 79 мың тоннаға, оның ішінде 30 мың тоннасы — «ҚазАзот», қалғаны бойынша «Қазфосфатпен» келісімшарт жасастық. «ҚазАзоттан» тыңайтқыштарды жеткізуде проблема жоқ, барлық жөнелтілімдер жоспар бойынша жүреді. «Қазфосфат» бұрын 60% алдын ала төлемді талап еткен болатын, бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің араласуынан кейін жағдай өзгерді, қазір шартқа отыруда мәселе жоқ, — дейді Дәурен Тоқкужинов.

Алайда, кәсіпкердің айтуынша, «ҚазАзот» тыңайтқыштарды тек мамыр айында жеткізуге уәде еткен. Бұл ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізуге тым кеш. Басқарма басшысы бұл мәселені шешуге уәде етті.

Жалпы СҚО Кәсіпкерлер палатасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірлескен «Бизнеске жол» жобасы аясында өңірде 11 мәселе шешіліп, 1200-ден астам шаруашылық өкілінің құқығы қорғалды.

— Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ауыл шаруашылығы саласы бойынша өңірдің бизнес-паспорты әзірленді. Бизнестің проблемалық мәселелерін шешу үшін сарапшылар пулы бекітілді, оған ауыл шаруашылығы басқармасының, сондай-ақ кәсіпкерлер палатасының салалық кеңес өкілдері кірді. Мысалы, біз Атырау мұнай өңдеу зауытынан сапасыз дизель отынын жеткізу мәселесін шештік. Отынның бұл түрі климаттық сипаттамалары бойынша біздің аймаққа сәйкес келмейді және 0 градус температурада қатып қалады. Энергетика министрлігіне жүгінгеннен кейін отын Павлодар мұнай — химия зауытының дизеліне ауыстырылды, — дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің СҚО бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Марат Ахметов.

Бұған дейін СҚО-да биыл 4,4 млн га дәнді дақылдар егу жоспарланғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар