СҚО-да биыл тұрғындардың демалып, суға шомылуына 60 орын әзірленбек

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл тұрғындар 13 көл мен Есіл өзенінде дайындалған 60 орында суға шомыла алады. Демалыс орындарының алтауы – коммуналдық меншікте.

Зона отдыха Зербулак
Фото: Галина Скрипник

СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, өңірде 60 өзен, 2148 көл және 117 қазаншұңқыр бар. Соның ішінде Есіл өзені, Соленое, Лебяжье, Үлкен Тораңғұл, Шалқар және Имантау көлдері қауіпті су айдындары болып есептеледі. Соңғы 10 жыл ішінде суға шомылуға арнайы жарақтандырылған демалыс орындарында бір де бір қайғылы жағдай тіркелмеген.

«Былтыр СҚО-да бес адам, соның ішінде бір бала суға кетті. Суға шомылу маусымы қауіпсіз өтуі үшін тиісті шаралар қолға алынды. Жедел-құтқару отрядының арнайы жарақтары дайындалды, бұл жұмысқа департаменттің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар тартылады. Түсіндіру, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Суға шомылу маусымы басталысымен жедел-құтқару отрядының базасында апта сайын «Қауіпсіз жаз» акциясын ұйымдастырамыз», - дейді Мұрат Қанғожинов. 

Айта кетейік, жыл басынан бері ел аумағында 12 адам суға кетті, соның екеуі – бала. Жалпы былтыр 177 адам, соның ішінде 53 баланың өлімі судан болды. 

Бұған дейін Алматы облысында 40 шақты турист мінген автобустың апатқа ұшырағанын айтқан едік. 

Соңғы жаңалықтар