СҚО-да былтыр 150-ге жуық кәсіпкер азық-түлік бағасын негізсіз өсірген

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын өсіргені үшін былтыр 142 кәсіпкерге әкімшілік жаза тағайындалды.

дүкен
Фото: pixabay

Кәсіпкерлердің 123-іне ескерту жасалса, 19-ына 1,6 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Жауапқа тартылғандардың ішінде ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері бар.

«AMANAT» партиясы СҚО филиалы жанындағы өңірлік даму кеңесі мен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысында баға мәселесі қаралды. СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ләзім Мияшеваның сөзіне қарағанда, заңбұзушылықтар сауда орындарына тексеріс жүргізу кезінде және электрондық шот-фактураларды талдау нәтижесінде анықталған.

Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жоғары бағамен жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу шарттарын бұзу фактілері тіркелді. Мұндай деректер аймақтағы білім беру мекемелеріне өнім жеткізу кезінде анықталды. Кейбір жағдайларда орташа нарықтық бағалар ескерілмеген, бұл тауарлардың қымбаттауына алып келген. Осы деректер бойынша материалдар тиісті органдарға, соның ішінде экономикалық тергеу департаменті мен прокуратураға жолданды. 

Мамандардың айтуынша, биылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіргені үшін жазалау шаралары күшейтілді.

— Бағаны бақылауды күшейту мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ескерту шарасы әкімшілік айыппұлмен алмастырылды. Жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — 5 АЕК, орта кәсіпкерлік үшін — 35 АЕК, ал ірі кәсіпкерлікке — 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде қайтадан заң бұзушылық тіркелсе, айыппұл мөлшері екі есе өседі, — деді Ләзім Мияшева.

Жиында картоп бағасы да назардан тыс қалмады. 2025 жылдың қаңтар айында оның көтерме бағасы 220-250 теңгеге дейін жеткен. Ал үй маңындағы дүкендерде бұл өнім 340 теңгеден саудаланған. Бағаның өсуіне негізгі себеп — экспорт көлемінің артуы мен өнім сапасының төмендеуі.

Бағаның көтерілуіне қарамастан, азаматтардан немесе қоғамдық ұйымдардан департаментке шағым түскен жоқ. Тек «e-otinish» платформасы арқылы бір ғана сұрау түскен, оның негізінде жүргізілген тексерістер нәтижесінде 4 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды.

Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында ҚР Сауда және интеграция министрлігі кешенді жұмыстар атқарып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар