СҚО-да былтыр орман заңнамасын бұзғандарға 4,5 млн теңге айыппұл салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында орман шаруашылығын дамытуда өрт қауіпсіздігі мен заманауи техникамен қамту басты назарға алынған. 

СҚО-да былтыр орман заңнамасын бұзғандарға 4,5 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Ертіс орманы

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, кейінгі үш жылда бөлінген 500 млн теңгеден астам қаржыға өрт сөндіру және патрульдік көліктер, мотоциклдер, орман қорына мониторинг жасауға қажет квадрокоптерлер сатып алынды. Бұдан бөлек лизинг арқылы 29 өрт сөндіру машинасы, 27 шағын орман өрт кешені, 51 трактор алынып, өңірдегі өрт қауіпсіздігін күшейтті.

Былтыр «Лесохранитель» атты өртті ерте анықтаудың автоматты жүйесі 7 орман мекемесінде пайдаланылып, өрт ошақтарын уақытында анықтауға мүмкіндік берді. Қосымша интерактивті бейнебақылаудың 16 жүйесі бар. Сонымен қатар 215 млн теңгеге Булаево қаласында жаңа заманауи орман өрт станциясы ашылды. 

– Өрт қауіпті кезең басталысымен тұрғындармен өрттің алдын алу жұмыстары күшейтіледі. Рейдтер ұйымдастырылады. Былтыр орман заңнамасын бұзғандарға 133 хаттама толтырылды. 4,5 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Келтірілген шығын – 1,5 млн теңге өндіріліп алынды, - дейді басқарма мамандары.

Айта кетейік, былтыр облыста 4 орман өрті тіркеліп, жалын шарпыған аумақ 9,89 гектарды құрады. 

Бұған дейін Абай облысының ормандарында жабайы жануарлар құтыруының алдын алу күшейтілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар