СҚО-да бұралқы иттер малға шауып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында қаңғыған иттер тұрғындардың қорадағы малын талап жатыр.

бұралқы иттер
Фото: видеодан алынды

Бескөл ауылының тұрғыны кешке жұмыстан үйге келгенде шашпадағы қошқарын өлі тапқан. 

– Аула биік қоршаумен қоршалған. Қалай кіргенін білмеймін, қаңғырған иттер қошқарды талап, ішін жарып кетті, - дейді ер адам.

бұралқы иттер малға шапты
Фото: видеодан алынған скрин

Бескөл тұрғыны Серікбай Жамансалимов те қаңғырған иттерден зардап шеккен. Иесіз жануарлар оның қорасына кіріп, 44 тауығын қырып тастады. 

– Бұл ауылда тұрып жатқаныма біраз болды. Тек биыл ғана қаңғырған иттер маза бермей жатыр. Аудандық полиция бөліміне арыз жаздым. Бірақ еш нәтиже жоқ. Бұралқы иттердің саны көбейіп жатыр. Қазір мал-құсқа шапса, ертең адамдарды таламасына кім кепіл, - дейді Серікбай Жамансалимов. 

Бұдан бұрын Бескөл ауылында бұралқы иттер тұрғындардың қорасына түсіп, бір үйдің 70, екіншісінің 250 құсын қырып кеткен еді. 

СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сәйкес, қаңғырған иттер мен мысықтардың саны — оларды ұстау, стерилизациялау, чиптеу, вакцинациялау және табиғи ортасына қайта жіберу арқылы реттеледі.

– Қызылжар ауданында әзірге қаңғырған жануарларды уақытша ұстау пункттері жоқ, сондықтан бұл жануарларды уақытша ұстау мүмкін емес. Аудан әкімдігі Ольшанка ауылынан 110 итке арналған уақытша ұстау пунктін салу үшін жер телімін бөлді, бүгінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Ал үй жануарларын күтіп-бағу және серуендету қағидаларын бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске саламыз, - дейді басқарма мамандары.

Еске салсақ, осыған дейін Петропавлда ит қапқан 53 адамның дәрігерге қаралғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар