СҚО-да елді мекендер арасында үйлерін жаңажылдық безендіруден байқау өтіп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жаңа жыл мерекесі қарсаңында елді мекендер арасында үйлерді безендіруден дәстүрлі байқау ұйымдастырылды. Бұл игі бастамаға шағын ауылдардың тұрғындары да белсене қатысып жатыр.
Есіл ауданындағы Заградовка елді мекені — солардың қатарында. Әсіресе кешке ауыл ерекше қалыпқа еніп, түрлі-түсті шамдармен көмкерілген үйлер тұрғындар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Ауыл тұрғыны Дмитрий Бланк отбасы мүшелерімен бірге үйін бірнеше күн ішінде безендіріп шыққан.

— Үш-төрт күнде барлық жұмысты аяқтадық. Жұбайым, 9-сыныпта оқитын 15 жастағы ұлым — барлығымыз бірге әдеміледік. Жаңа жыл қарсаңында үйімізді безендіруді дәстүрге айналдырғанбыз. Биыл шамамен бесінші жыл. Бұған дейін бірнеше рет аудан бойынша бірінші орынды иелендік, — дейді ол.
Дмитрий Бланк жергілікті шаруашылықта агроном болып еңбек етеді, ал жұбайы Екатерина — үй шаруасында. Отбасы жылда оның алдындағыға қарағанда сәндірек етіп безендіруге тырысады. Осы мақсатта биыл да қосымша гирляндалар сатып алып, аулаға жануарлар мүсіндерін орнатқан.

— Жаңа жыл — ең сүйікті отбасылық мерекеміз. Сондықтан оған алдын ала дайындаламыз. Үйді безендіріп қана қоймай, сыйлықтарды ойластырып, мерекелік дастархан мәзірін құрамыз. Міндетті түрде жаңа жылға тілек тілейміз, — дейді Дмитрий Бланк.

Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияровтың айтуынша, жаңа жыл қарсаңында аудан орталығы мен ауылдарда үйлер мен оған іргелес аумақтарды безендіру бойынша арнайы байқау жарияланған.
— Заградовка ауылының тұрғындары бұл бастаманы ерекше ықыласпен қолдады. Қазірдің өзінде ауыл ертегі әлеміне енгендей әсер қалдырады. Түрлі-түсті шамдармен безендірілген үйлер түнгі уақытта ерекше жарқырап, мерекелік көңіл күй сыйлайды. Мұндай дәстүр тұрғындарды біріктіріп, қуаныш сыйлайды, — деді аудан әкімі.

Бұған дейін жаңа жыл қарсаңында елордада 40-тан астам шырша шамын жаққанын жазған едік.