СҚО-да ер адам өз үйінде аяқ-қолын үсітіп алды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Мамлютка қаласында полиция қызметкерлері 62 жастағы ер адамды құтқарды.

СҚО
Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлютка қаласында тәртіп сақшылары жаяу патрульдеу барысында екі пәтерлі үйді тексерген. Баспананың бір бөлігінде полицияның есебіне маскүнем ретінде алынған 62 жастағы ер адам тұрып келген. Пеші жағылмаған үйде бүрісіп жатқан оған дереу жедел жәрдем қызметі шақырылды. Дәрігерлер ер адамның аяқ-қолы үсігенін анықтады.

«Ер адам қатты тоңған, енді шамалы кеш табылғанда салдары ауыр болар еді. Қазіргі уақытта дәрігерлер оның жай-күйін тұрақты деп бағалауда. Жаяу патрульдеу күн сайын жүргізіледі. Аязды күндері тіптен керек. Мұндайда есепке алынған тұрғындарды – алкогольді ішімдікті қолданып, үсіп қалу қаупі бар адамдарды, сондай-ақ жалғыз тұратын зейнеткерлер мен қиын өмір жағдайындағы отбасыларды тексереміз. Жұмыс құқықтық тәртіпті сақтау және адамдардың қауіпсіздігін нығайту үшін жүргізіліп жатыр», – дейді Мамлют аудандық полиция бөлімінің бастығы Петр Климов.

Бұған дейін СҚО-да қатты аяз басталған бес күннің ішінде 9 адамды үсік шалғанын айтқан едік. 

Соңғы жаңалықтар