СҚО-да ерлі-зайыптылар 28 баланы асырап алса, біреуін қайтарып берген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында отбасылар соңғы екі жылда 50-ге жуық жетім баланы бауырына басқан.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова тілші сұрақтарына жауап беріп, өте сирек болса да асырап алған баланы қайтару фактілерінің кездесетінін айтты.
— Облыста қанша балалар үйі бар?
— Қазір білім беру саласында «балалар үйі» деген түсінік жоқ. Жалпы өңірде жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін 10 мекеме бар. Оның 8-і — білім беру жүйесіне қарайды. Соның үшеуі — өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы. Бұл орталықтар Қызылжар ауданының Архангелка ауылында, Айыртау ауданының Саумалкөл және М. Жұмабаев ауданының Полудино ауылында орналасқан.
Ал отбасылық үлгідегі балалар ауылы және 2 жасөспірімдер үйінің бірі Петропавлда және Ақжар ауданының Талшық ауылында орналасқан.
Сондай-ақ, Қызылжар ауданында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған Соколов арнайы мектеп-интернаты бар. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Шөптікөл арнайы мектеп-интернаты жұмыс істейді.
Петропавлдағы «Балалар үйі» КММ денсаулық сақтау саласының құзіретінде. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жүйесіне Петропавлдағы балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қарайды.
Былтыр тәрбиеленушілер саны 312 болса, қазіргі уақытта бұл мекемелерде 344 бала тәрбиеленіп жатыр.
— Бұл мекемелерге былтыр, биыл қанша бала қабылданды? Қаншасы тұл жетім?
— Балалар әртүрлі себептермен түседі, бірінің әке-шешесі ата-ана құқығынан айырылған, бірінікі қамауда отыр. Енді бірінің ата-анасы ұзақ емделуде, іздеуде, өмірлік қиын жағдайға тап болғандықтан уақытша беретіндер бар. Жетім балалардың үлесі — 14%.
— Бала асырап алуға ниеттілер азайған жоқ па? Шетелден келіп бала асырап алушылар бар ма?
— Былтыр 28 баланы, биыл 21 баланы ерлі-зайыптылар асырап алды. Бәрі — СҚО-ның тұрғындары. Соның ішінде: 7 айлық бір бала, 1 жастағы — 4 бала, 2 жастағы — 1 бала, 4 жастағы — 2 бала, 5 жастағы — 3 бала, 6 жастағы — 2 бала, 7 жастағы — 1 бала, 8 жастағы — 4 бала, 10 жастағы — 1 бала, 12 жастағы — 1 бала және 17 жастағы жасөспірім қазір отбасында тәрбиеленіп жатыр.
Республикалық деректер банкінде орталықтандырылған есепте тұрған балалар біздің елден тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға берілуі мүмкін.
Шетелдіктердің бала асырап алуы туралы істерді қараған кезде сот азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан баланың туыстарының не Қазақстан Республикасы азаматтарының осы баланы бірінші кезекте асырап алуына мүмкіндік береді.
— Асырап алған баланы қайтару фактісі соңғы рет қашан тіркелді?
— Облыста балаларды асырап алушылардың қайтаруы өте сирек кездеседі. Соңғы жеті жылда осындай 3 жағдай тіркелді. Соның бірі былтыр болды. Жалпы қазіргі уақытта 18 жасқа дейінгі 121 бала асырап алушылардың қолында.
— Баланы кім асырап ала алмайды?
— Сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдар, ата-ана құқығынан айырылған немесе тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар, дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын, соттылығы бар, азаматтығы жоқ, табысы жеткіліксіз, наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрған адамдар бала асырап ала алмайды.
— Бала асырап алушыларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі?
— Бала асырап алушыларға 75 АЕК мөлшерінде, яғни 277 мың теңгеге жуық біржолғы ақшалай төлем жүргізіледі.
Еске салсақ, бұдан бұрын алалар үйінің түлектері үлкен өмірде қандай кедергілерге тап болатыны айтылды.