СҚО-да кейінгі төрт жылда «Аңсаған сәбимен» 334 бала өмірге келді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысына биыл «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 174 квота бөлінді. 

СҚО-да кейінгі төрт жылда «Аңсаған сәбимен» 334 бала өмірге келді
Фото: Kazinform

Мемлекеттік қолдаудың арқасында бедеулік диагнозы қойылған көптеген отбасы ата-ана атанып, көптен күткен сәбилерін бауырына басып отыр.

СҚО перинаталдық орталықтың мәліметінше, бұл өткен жылмен салыстырғанда 64-ке артық. Былтыр өңірге 110 квота берілген еді. 

Жалпы, мамандардың айтуынша, бағдарлама жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен 2021 жылы 217 квота бөлінсе, соның 110-ы оң нәтиже берді. 2022 жылы өңірге 201 квота беріліп, 70 ерлі-зайыпты көптен күткен сәбиін бауырына басты. 2023 жылы 190 квотаның 89-ы, 2024 жылы 169 квотаның 65-і нәтижелі болды. Бес жылда облысқа 887 квота беріліп, нәтижесінде 334 сәби дүниеге келді.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл – бағдарламаның әлеуметтік маңыздылығы мен тиімділігінің айқын көрсеткіші. Әсіресе экстракорпоралды ұрықтандыру сияқты күрделі емшаралар мемлекет есебінен жүргізілуі – көптеген отбасы үшін үлкен мүмкіндік.

Қазіргі таңда СҚО перинаталдық орталығы барлық қажетті медициналық емшараларды өткізуге толық дайын. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған мекемеде тәжірибелі репродуктологтар, акушер-гинекологтар және генетик дәрігерлер тұрақты түрде қабылдау жүргізеді. 

Бұған дейін Екібастұзда туғанына 19 күн ғана толған сәби анасынан ажыратылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар