СҚО-да қызылшамен ауырғандар саны 14 есеге артты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биылғы 10 айда қызылшаны жұқтырудың 325 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 14 есе артық.

Былтыр СҚО-да ұқсас кезеңде қызылша жұқтырған 30-ға жуық адам дәрігерге қаралған. Ал 2022 жылы қызылшамен ауырудың бір де бір жағдайы тіркелмеген.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, қызылша облыстың барлық аумақтарында тіркеліп жатыр. Науқастардың ең көп үлес салмағы Петропавлға тиесілі, мұнда сырқаттанудың 201 жағдайы анықталды. Аққайың ауданы — 27 адам, Ғ. Мүсірепов ауданында — 24, Тайынша ауданында — 16, Қызылжар ауданы — 15 адам ауырса, қалған аудандарда жұқтырғандар саны оннан төмен.
Науқастардың 54% — 14 жасқа дейінгі бала.
Мамандардың айтуынша, қызылша — ауа арқылы берілетін қауіпті инфекциялық ауру. Асқынған жағдайда пневмония, энцефалит сияқты ауруларға ұласуы мүмкін.
Алдын алудың бірден-бір тиімді жолы — вакцинация. Қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін екпе қойдыру қажет.
Вакцинация тіркелген жері бойынша медициналық ұйымда жүргізіледі.
Бұған дейін СҚО-да биыл тұрғындардың басым бөлігі жүйке және қан айналым жүйесінің ауруларынан қайтыс болғанын жазған едік.