СҚО-да қызылшаны жұқтыру 4,6 есе қысқарды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 70 адам қызылша жұқтырды.

АҚШ-та қызылша жұқтыру дерегі соңғы 33 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті
Фото: freepik.com

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, инфекцияны жұқтырғандардың 33-і Петропавл тұрғыны, тағы 14 адам Уәлиханов ауданында, 8 сырқат Қызылжар ауданында және бесеу Айыртау ауданында анықталған. Қалғандарында 3-1 жағдайдан тіркелген.

Ауырғандардың 77% - 14 жасқа дейінгі балалар. 

- Қызылша – ауа арқылы беріледі. Вирус сөйлеген кезде түкірікпен, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді. Вирустың ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлары белгілі. 

Облыста ауырғандардың 93% қызылшаға қарсы екпе алмаған немесе оны алғанын растайтын жазба болмаған.

Вакцинацияланбаған 5 жасқа дейігі балаларда қызылша жиі асқынады, тіпті өліммен де аяқталуы мүмкін. Сондай-ақ жүкті әйелдерге де қауіп жоғары, - дейді департамент басшысының орынбасары Арман Күшбасов. 

Маманның айтуынша, қызылшаны мүлде екпе алмағандар немесе екпе алса да иммунитет қалыптаспаған адамдар жұқтырады. 

- Инкубациялық кезең – 21 күн. Негізгі белгісі бөртпе, оның шығуының өз ерекшелігі бар. Алғашқы бөртпе құлақ артында, шаш арасында, маңдайда, мұрында шығады. Бірінші тәуліктің соңына қарай мойын мен бетке көптеп шығады, екінші тәулікте қолдарға шығады. Үшінші тәулікте бөртпелер аяқта пайда болады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді.

Қызылша асқынған жағдайда көп жағдайда пневмония, бронхиолит, плеврит, менингит, ларингит және энцефалитке әкеледі, - дейді Арман Күшбасов. 

Қызылша – қазіргі таңда ең жұқпалы аурудың бірі болып есептеледі. Бұл инфекцияның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі - вакцинация. 

- Қызылшаға қарсы вакцинаны біз 20 жылдан артық қолданып келеміз. Ол тиімділігін көрсетті. Ол сондай-ақ эпидемиялық паротит пен қызамыққа қарсы да егіледі. 

Ең алғашқы вакцинацияны балаларға 12 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады, - дейді Арман Күшбасов.

Бұған дейін Жамбыл облысында екі аптада қызылшаның 191 жағдайы тіркелгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар