СҚО-да орман өрттерінің алдын алу шаралары күшейтілді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында орман өрттерінің алдын алу мақсатында өрт қауіпті маусым ресми түрде жарияланды.
Бұл кезеңде табиғат аясында қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр тұрғынның міндеті. Аталған өңірде ауа райының жылынуына байланысты өрт қаупі артып отыр.
СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, қыстан қалған қоқысты жағу, егістіктер мен шабындықтарда құрғақ шөпті өртеу жағдайлары жиілейді. Бұл өз кезегінде өрттің шығуына және оның орман алқаптарына таралуына себеп болады. Сонымен қатар күн жылынысымен тұрғындардың табиғат аясында демалып, от жағуы да қауіп деңгейін арттырады.
Осыған орай, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығы шығып, өңірде өрт қауіпті маусым басталды.
– Өрт қауіпті кезеңде бірқатар әрекетке қатаң тыйым салынады. Атап айтқанда, сөндірілмеген темекі тұқылын немесе сіріңкені тастауға, жанғыш материалдарды қалдыруға, жанармайды белгіленбеген жерде құюға, ақауы бар техниканы пайдалануға болмайды. Сондай-ақ орман аумағында және оған жақын жерлерде шөп, қоқыс өртеуге, ашық от жағуға қатаң тыйым салынады, - дейді басқарма мамандары.
Өңірде өрт жағдайын бақылау үшін үш деңгейлі мониторинг жүйесі — жерүсті патрульдеу, бейнебақылау камералары және ғарыштық мониторинг жұмыс істейді. Өрт қауіпті маусым басталғаннан кейін барлық тиісті қызмет жоғары дайындық режиміне көшіп, орман күзеті күшейеді.
Бұған дейін Павлодар ормандарында өртке қарсы бақылауға дрондар жұмылдырылғанын жазған едік.