СҚО-да өзендердің деңгейі көтеріліп келеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында 28-30 наурыз аралығында жылы ауа райының сақталуына байланысты ескерту жарияланды.
«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, осы аралықта өңірде күндіз +12…+17 С аралығында, түнде 0…+5 С шамасында жылы болады. Бұл қар мен өзен-көлдердегі мұздың қарқынды еріп, салдарынан судың көтерілуіне әкелмек. Жайылған судың автожолдарды басу қаупі бар.
Бүгінгі гидрологиялық мониторинг деректері бойынша, облыс аумағындағы шағын өзендермен қатар, негізгі су артериясы — Есіл өзенінің де деңгейі біртіндеп көтеріле бастады. Мәселен Соколовка елді мекені маңында Иманбұрлық өзенінің деңгейі бір тәулікте 39 см-ге, Возвышенка ауылының маңында Аққанбұрлық 11 см-ге, Рузаевка елді мекенінің маңында Шарлық өзені 9 см-ге артқан. Есіл өзенінің 2-10 см-ге көтерілгені тіркелді.
Сергеевка су қоймасында тәулік ішінде су деңгейі 1 см-ге өзгерген. Қазір нысан 95,8% толық. Петропавлдағы су қоймасында деңгейі 5 см-ге көтерілді.
Бұған дейін СҚО-да еріген қар суы жолды шайып кеткенін жазған едік.