СҚО-да патрульдік көлік аударылып, екі полицей зардап шекті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Бұл бір аптада Солтүстік Қазақстан облысында полицейлердің қатысуымен болған екінші оқиға.

Әлеуметтік желіде оқиға орнынан фото-бейнежазба тарады.
Куәгерлердің айтуынша, жол-көлік оқиғасы Айыртау ауданында болған. Патрульдік көлік аударылып, ішінде болған екі тәртіп сақшысы жарақат алды.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің бірі 1980 жылы туған.
— Жол-көлік оқиғасы барысында жарақат алған. Сол жақ балтырын соғып, басын жырған. Оң қолдың алақан тұсында көптеген жара бар. Жалпы жағдайы — қанағаттанарлық. Амбулаториялық ем тағайындалды, — деді басқарманың баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Екінші зардап шеккен тәртіп сақшысы 1988 жылғы.
— Алдын ала диагноз бойынша жабық бас-ми жарақатын алған, миы, мойын омыртқасы соғылған. Сол қолдың екі саусағы сынған. Жалпы жағдайы ауыр. Қазір облыстық көпбейінді ауруханада жатыр, — деді Гүлнар Қалиева.
СҚО полиция департаменті әзірге бұл оқиғаға қатысты түсінік берген жоқ.
Естеріңізге салайық, осыдан үш күн бұрын CҚО-дағы жол апатынан екі полицей көз жұмғанын жазған едік.