СҚО-да прокурорлардың араласуынан кейін 30 шақты инвестордың мәселесі оң шешілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында прокуратура инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қолдау көрсетіп келеді. 

Бас прокуратура
Фото: Бас прокуратура

СҚО прокуратурасының мәліметінше, мемлекеттік органдардан прокуратураға инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы 120 материал келіп түсті. Нәтижесінде 40 жағдайда әкімшілік қысым көрсетуге, екі заңсыз тексеруге жол берілмеді.

Биыл 226,5 млрд теңге сомасына инвестиция салуды және 2 893 жұмыс орнын құруды жоспарлап отырған 34 инвестордың 20 проблемасы оң шешімін тапты.

Мәселен, «Тайынша Май» ЖШС-ге полиция қызметкерлері тағайындау және құқықтық статистика органдарында міндетті тіркеу туралы акт шығармай заңсыз тексеру жүргізген. Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактісі бойынша Тайынша ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары және учаскелік инспектор тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ал, «СевКазЭнерго» АҚ облыс прокуратурасының фронт-офисіне арызданып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша 590 мың теңге сомасына іс жүргізу тоқтатылды.

Сондай-ақ, облыс прокуратурасының араласуынан кейін Петропавл қаласы әкімдігі «SMBGROUP Family» ЖШС-ге 1 млн теңгеден астам қарызын қайтарды. Кәсіпкер полипропилен қаптарымен қамтамасыз еткен. Алайда жергілікті атқарушы органның резервінде ақшаның болмауы себебінен шарт қазынашылық органдарында тіркелмеген екен.

Облыс прокурорларының айтуынша, қазір жалпыұлттық пулға сәйкес облыс аумағында жалпы сомасы 781,9 млрд теңгеден астатын 51 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, нәтижесінде шамамен 7 200 жұмыс орны құрылатын болады. Өңірлік пулда 9,1 млрд теңге сомасына 49 жоба бар.

Бұған дейін СҚО-да еш жерде есепте жоқ 9 мың га орман алқабы анықталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар