СҚО-да шырша сатушылар бақылауға алынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында қылқан жапырақты ағаштардың заңсыз кесілуіне жол бермеу мақсатында «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. 

СҚО-да шырша сатушылар бақылауға алынды
Фото: СҚО ПД

Петропавлда мереке қарсаңында шырша-қарағай сатқандар көбейді. Жеке кәсіпкер Дмитрий Штребельдің айтуынша, өңірге қылқан жапырақты ағаштар Ресейден, соның ішінде Башқұртстаннан әкелінеді.

— Тәлімбақтарда арнайы өсіріледі. Қалың жерлерін сиретіп, сатуға шығарады. Ағаштың биіктігіне байланысты бағасы 6 мың теңгеден басталып, 15 мың теңгеге дейін жетеді, — дейді Дмитрий Шребель.

Шырша сатушылардың қолында ағаштың қайдан әкелінгендігі туралы және сатуға рұқсат беретін құжат болуы тиіс. Осыған орай полицейлер, әкімдік өкілдері мен қоғамдық белсенділері бүгін басталған «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында сауда орындарын тексеріп жатыр.

Рейдтер Петропавлды ғана емес, облыс аумағын да қамтып, 31 желтоқсанға дейін жалғаспақ.

— Барлық сатушылардың рұқсат құжаттары талапқа сай болғанымен, Украин және Н. Назарбаев көшелерінде екі адам белгіленбеген жерде сауда жасаған. Айта кету керек, бұл тыйым тек шырша саудасына ғана қатысты емес: жыл басынан бері осындай құқық бұзушылыққа 1200-ден астам адам жол берген, олардың 52-сіне айыппұл салынды, қалғандарына ескерту жасалды, — дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Бұған дейін СҚО-да шыршаларды браконьерлерден қорғау үшін стационарлық бекеттер құрылғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар