СҚО-да шыршаларды браконьерлерден қорғау үшін 11 стационарлық бекет құрылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Жаңа жыл мейрамы қарсаңында орманшылар күшейтілген тәртіпте жұмысқа кірісті. Қарағай-шыршаны заңсыз кесуден қорғау үшін өңірде 11 стационарлық бекет және 100-ге жуық мобильді топ құрылды.

полиция көлігі
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, желтоқсан - дәстүрлі түрде орман шаруашылығы қызметкерлері үшін ең қиын және жауапты айлардың бірі.

Жаңа жылдық мерекенің көркі – шырша, сол себепті жасыл желекке мейрам жақындаған сайын сұраныс артады. Браконьерлікке жол бермеу үшін арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген, патрульдеу маршруты анықталып, кесте жасалды.

- Азаматтар мен заңды тұлғалардың қылқан жапырақты ағаштарды заңды түрде сатып алуына тексеру жүргізілетін болады. Қарағай-шыршаны заңсыз кескендерге қылмыстық жауапкершілік бар. Мемлекеттік орман қоры аумағында 1 қылқан жапырақты ағашты жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауапкершілік шаралары қатаңдатылды, заңбұзушы кем дегенде 15 АЕК - 55 380 теңге мөлшерінде залалды өтейді. Ал келтірілген шығын мөлшері көп болған жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабына сәйкес құқық бұзушыға қатысты қылмыстық жауаптылық туындайды, сондай-ақ 100 АЕК немесе 369 200 теңге мөлшерінде айыппұл төлейді, - дейді басқарманың статистигі Сәуле Сүлейменова.

Бүгінде нарықта үйді безендіруге арналған жасанды шыршаның түр-түрі бар. Сондай-ақ, маманның айтуынша, Ресейден және басқа шекаралас мемлекеттерден импортталатын шыршаларды заңды түрде сатып алуға болады. Қылқан жапырақты ағаштар сатылған жағдайда сатушының өзімен бірге тиісті құжаттары болуы қажет.

Бұған дейін СҚО-да белсенді демалу үшін қай жерде шаңғы-коньки тебуге болатынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар