СҚО-да соңғы қоңырауға орай ұстаздар мен ата-аналарға бірқатар тыйым салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында бүгін Білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова оқу жылының аяқталуына байланысты бірқатар негізгі мәселеге тоқталды.

школьники последний звонок выпускники оқушылар соңғы қоңырау түлектер
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Ведомство басшысы педагогикалық әдеп туралы ұстаздардың есіне салып, ата-аналарды сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық жайында ескертті.

- Ата-аналардан қаражат жинауға, аниматорларды, агенттіктерді және жеке студияларды тартуға, машиналарды жалға алу және машиналар кортеждерін құруға, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының түлектері мен 4-сынып оқушылары үшін салтанатты іс-шаралар өткізуге жол берілмейді, - деді Айнагүл Сұрағанова.

СҚО-да қазір 74 мыңға жуық оқушы бар, соның 7 мыңға жуығы биыл бірінші сыныпты бітіріп жатыр. Жалпы осы жылы 1-11 сынып оқушылары үшін оқу сабақтары 23 мамырда аяқталады. Салтанатты іс-шараны мектептерде өткізу ұсынылды.

- Биыл «Алтын белгі» жоғары мектеп наградасына 122 үміткер бар, былтыр 84 оқушы болған. 11-сыныпта үздік аттестатқа 230 үміткер және 9-сыныпта 434 үміткер бар. Облыста жазғы ҰБТ 16 мамырда басталып, 4 шілдеде аяқталады. Өңірде екі тестілеу пункті бар. Олар Петропавлдағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының облыстық орталығында және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылында орналасқан, - деді басқарма басшысы.

Емтихандардан кейін колледждерге түсу үшін 9 сынып түлектері түсу емтихандары жоқ жұмысшы мамандықтарына және орта буын мамандарына (жұмысшылар: тас қалаушы, дәнекерлеуші, аспаз, шаштараз, кондитер) арналған аттестаттың орта балы негізінде түсе алады. Педагогикалық және медициналық мамандықтарға қосымша тестілеу жүргізіледі.

Жалпы СҚО-да 24 колледж бар, онда 11 147 студент оқиды. Оның 3,5 мыңы биыл диплом алады.

Бұған дейін СҚО-да 6-сынып оқушысы туберкулездің ашық түрін жұқтырғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар