СҚО-да соңғы үш жылда қолданыстағы 30 газ баллоны жарылған
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы үш жылда 27 тұрғын үйде және үш тұрмыстық емес нысанда газ баллоны жарылған. Мамандардың айтуынша, көпшілік газ баллонын дұрыс қолдануді білмейді, деп хабарлайды Kazinform.

Естеріңізге салайық, СҚО-да өткен аптада екі қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде газ баллонының жарылуынан 12 жасар қыз қайтыс болды, оның 22 жастағы ағасы ауыр күйік алып ауруханаға түсті.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, газ баллондарын екі қабаттан жоғары үйлерде қолдануға тыйым салынған. Біткен баллонға газ құю кезінде ескеріле бермейтін жайт – бос ыдыс тек 85 % толтырылуы тиіс. Сұйық газ қысымы өскен кезде, осы бос орын қауіпсіздік үшін керек.
«Газ баллонын сататын, газ құятын орындар тұрмыстық баллондардың техникалық жағдайын тексерулері керек. Сондай-ақ тұтынушыларға сатылатын әр баллонға кепілдік талонын беруі қажет. Бірақ іс жүзінде мұның бірі де жасалмайды. Сондай-ақ қолданыстағы баллондар заң бойынша ең кемінде 5 жылда бір рет тексерілуі тиіс. Жарылған баллондардың бірінде тексерілгендігі туралы құжат болмады», - дейді Дмитрий Растихин.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті СҚО бойынша департаментінің бас маманы Арман Басеновтың айтуынша, кей тұрғындар тұрмыстық газ баллондарын автомобильге газ құю стансаларында толтырып жатады. Бұған тыйым салынған.
«Баспаналарда газы бар баллондар жылыту радиаторларынан және басқа да жылыту аспаптары мен пештерден кемінде 1 метр қашықта және ашық от болған жағдайда кемінде 5 метр алыс тұруы тиіс. Осындай қарапайым нормаларды сақтау тұрмыстық газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етеді және өмірді сақтайды», - дейді Арман Басенов.