СҚО-да тәртіптік жаза қолданылған 14 мемқызметшінің құқығы қорғалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазастан облысында кей мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза негізсіз қолданылған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Дархан Ермековтың айтуынша, тұрақты негізде мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдануға қатысты талдау жүргізіледі.
«Тоқсан сайынғы материалдарды талдау барысында персоналды басқару қызметтері мамандарының қызметтік тергеп-тексеру жүргізу және тәртіптік жаза қолдану кезінде тиісті рәсімдерді бұзу фактілерін анықтаймыз.
Осылайша биылғы 8 ай ішінде жүргізілген талдау қорытындысы бойынша тәртіптік жаза қолдану туралы 14 актінің күші жойылды.
Тимирязев, Ақжар, Жамбыл, Есіл, Айыртау аудандарында, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда және Петропавл қаласында 14 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді», - дейді Дархан Ермеков.
Тәртіптік жазаны заңсыз қолдану мемлекеттік қызметшінің құқығын бұзады. Өйткені жазаланған маман басшылық тарапынан бірқатар жеңілдіктен, соның ішінде сыйақыдан айырылады.
«Персоналды басқару қызметтері мамандары жиі жол беретін заң бұзушылықтардың бірі - тәртіптік жаза қолдану мерзімін бұзу. Сондай-ақ, жазбаша түсініктемені талап етпеу, тәртіптік теріс қылық материалдарын сапасыз және біржақты қарау, сондай-ақ, қызметтік тергеп-тексеру жүргізу және тәртіптік жаза қолдану туралы актіні рәсімдеу кезінде олқылықтар жіберіледі.
Мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік жаза қолдану рәсімдерін сақтап, олардың құқығының бұзылуына жол бермеу мақсатында тәртіптік жаза қолдану ережелері сақталуы керек», - дейді департаменттің бас маманы.
Ал заңсыз тәртіптік жауапкершілікке тартуға байланысты мәселелер туындаған жағдайда, мемлекеттік қызметшілер ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті департаментіне жүгіне алады.
Бұған дейін СҚО-да техникалық қадағалау сарапшылары жол жұмысын қағаз жүзінде бақылап келгенін жазған едік.